Supermamasita, Дархан Жолшыбек, Мөлдір Мұқанова заңсыз лотерея үшін айыппұлмен құтылды: ҚМА Жанәбіловтердің соңына неге түсті?

Рая Минап
Ulysmedia коллажы

Астанада танымал блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты жаңа қылмыстық іс қозғалды. Ерлі-зайыптының қорғаушысы Жасұлан Рахымғалиев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖАНӘБІЛОВТЕР ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖОЛМЕН АЛЫНҒАН АҚШАНЫ ЗАҢДАСТЫРҒАНЫ ҮШІН 7 ЖЫЛҒА СОТТАЛУЫ МҮМКІН

Қорғаушының айтуынша, қазіргі таңда блогерлерге қатысты жағдай күрделенген. Тергеу органдары олардың әрекеттерін ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабының 2-бөлігі (заңсыз кәсіпкерлік) және 218-бабының 2-бөлігі (қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру) бойынша саралап отыр.

Адвокаттың сөзінше, бастапқыда тек бірқатар қорғаныс шаралары қарастырылғанымен, сотқа дейінгі тергеу барысында іске қосымша, ауырлататын бап енгізу туралы шешім қабылданған.

«Қазіргі уақытта Жанәбіловтерге қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру дерегі бойынша айып тағылып отыр. Сонымен қатар, істің ішінде прокурордың азаматтық талабы пайда болды. Ол мемлекет мүддесі үшін қарапайым азаматтардан жиналған қаржыны өндіріп алуды талап етіп отыр. Прокурор бұл қаражатты мемлекеттік деп тану қажет деп есептейді. Қазір блогерлерге қатысты бұлтартпау шарасы таңдалу үстінде, алайда оның қандай болатыны әзірге белгісіз», – дейді қорғаушы.

Адвокаттың мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 218-бабы бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Заңгер Қазақстанда заңсыз лотерея ойнатқан блогерлердің көбі айыппұлмен құтылып кететінін алға тартып, қорғауындағы блогерлердің ісі қылмыстық құрам бойынша сараланып жатқанына келіспейтінін айтады.

«Менің ойымша, істе заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу фактісі жоқ. Тіпті заңсыз лотерея ойнатты деп танығанның өзінде айыппұл көзделген. Бұл Қазақстан тарихындағы лотерея ойнатқаны үшін қылмыстық құраммен сараланып жатқан алғашқы жағдай. Мысалы Алматыда прокурор блогерлерді заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деп айыптаса да, Алматы оның уәжін негізсіз деп танып , айыппұлмпен шектелді. Осы жерде неге Алматыда басқа, Астанада басқа жолмен соттайды деген сұрақ туындайды. Бұл заңды бұзу деп есептеймін», - деді адвокат.

ҰҚСАС ЖАҒДАЙДА БЛОГЕР АЙЫППҰЛМЕН ҚҰТЫЛҒАН 

2025 жылы18 қарашада Алматы қалалық соты прокурордың апелляциялық өтінішін қарады. Өтініш 2025 жылғы 25 тамызда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты шығарған шешімге қатысты берілген.

Аталған шешіммен «Amina XO» жеке кәсіпкері, Нұртаза Амина Қайратқызы ҚР ӘҚБтК-нің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 825 720 теңге көлемінде айыппұл салынған болатын. Ол лотерея операторы мәртебесі болмағанына қарамастан Instagram желісіндегі «aminaxo26» аккаунты арқылы ақша, iPhone смартфондары және Алматы қаласындағы тұрғын үйді ұтысқа тіккен.

Прокурор сот шешімімен келіспей, оны жоюды және істі қылмыстық құқықбұзушылық белгілерінің бар-жоғын тексеру үшін сотқа дейінгі тергеу органдарына жолдауды сұраған. Оның пікірінше, бірінші сатыдағы сот Нұртаза А.К.-ның әрекеттерінде ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабына сәйкес қылмыс белгілерінің бар-жоғын толық зерттемеген.

Алайда апелляциялық сот прокурордың уәждерін негізсіз деп тапты. Сот материалдарына сәйкес, блогер лотерея операторы ретінде тіркелмегені анықталған, бұл факт уәкілетті органның мониторингімен және іс материалдарымен расталған. Сот отырысында кәсіпкер өз кінәсін толық мойындаған.

Сот алқасы лотереяны оператор мәртебесінсіз өткізу ҚР ӘҚБтК-нің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық болып саналатынын және істегі материалдарда қылмыстық іс қозғауға негіз болатын деректер жоқ деп тапты. Атап айтқанда, алдау, бөтен мүлікті иемдену немесе заңсыз табыс табу фактілері анықталмаған.

Осыған байланысты сот бірінші сатыдағы шешімді заңды әрі негізді деп танып, оны өзгеріссіз қалдырды. Прокурордың өтініші қанағаттандырусыз қалдырылды.

Туризм және спорт министрлігінің құмар ойындар мен лотереяларды реттеу комитеті әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларды үздіксіз бақылап, өткен жылы Қазақстанда заңсыз лотереялар өткізгені үшін 121 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. Әлеуметтік желілердегі парақшаларында лотереялар өткізгендердің қатарында танымал блогерлер де болды.

"Мониторинг нәтижелеріне, сондай-ақ комитетке келіп түскен жеке тұлғалардың шағымдарына сүйене отырып, 2025 жылы 121 адам Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 445-1 бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 49,9 миллион теңгеге жетті", – делінген ведомство таратқан ақрпаратта.

Сонымен заңсыз лотерея өткізгендер қатарында Supermamasita лақап атымен танымал Әлия Байтуғаева, блогер Мереке Қалбаева, Мөлдір Мұқанова (Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы әйелі), Нұрбек Нұртаза (Justking31) және оның әйелі, блогер Дархан Жолшыбеков және басқалар бар.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, өткен жылы қыркүйекте Астананың мамандандырылған ауданаралық соты Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік істі қараған еді. Олар азаматтардың шағымдары мен Қаржылық мониторинг агенттігінің жолдаған хаты негізінде заңсыз лотерея ұйымдастырды деген айыппен жауапқа тартылды.

Тергеу деректеріне сәйкес, блогерлер Instagram желісінде күн сайын ақша, автокөлік және өзге де бағалы сыйлықтар тігілген ұтыс ойындарын лицензиясыз өткізген. Әкімшілік іс бойынша сот шешімі шыққаннан кейін материалдар қаржылық операцияларды тексеру үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне жолданған.

Қазіргі таңда Экономикалық тергеу департаменті ерлі-зайыпты блогерлерді қылмыстық іс аясында күдікті деп тану туралы екі қаулы шығарды.