Көктем жақындады: биыл су тасқыны бола ма?

Рая Минап
Ulysmedia.kz коллажы

Су ресурстары және ирригация министрлігінің алқа отырысында биылғы су тасқынының алдын алу мәселесі қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БИЫЛ СУ ТАСҚЫНЫ БОЛА МА

Министрліктің мәліметінше, 2026 жылғы су тасқыны кезеңі алаңдаушылық туғызбайды, жағдай тұрақты бақылауда.

- Қазіргі уақытта оңтүстік өңірлердегі су қоймалары су жинау режимінде жұмыс істеп жатыр, ал басқа өңірлерде олар жоспарлы режимде пайдаланылуда. Солтүстік өңірлердегі су қоймаларының орташа толу деңгейі 70 %-ды құрайды, Орталық Қазақстанда – 69 %, батыс өңірлерде – 45 %, шығыс өңірлерде – 86 %, ал оңтүстік өңірлерде – 55 %.”,  - деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

«Қазгидромет» РМК-ның биылғы  1 ақпанындағы болжамына сәйкес, барлық ірі су қоймалары бойынша жиынтық ағын көлемі 9–13,8 км³ аралығында болады деп күтілуде. Су қоймаларының бос сыйымдылығы шамамен 13,9 км³-ті құрайды, бұл тасқын суларды қабылдауға және су тасқынын тиімді басқаруға жеткілікті резерв бар екенін көрсетеді. Су тасқыны кезеңінде су деңгейінің ең жоғары көлемі су қоймаларында ұсталып, артық су төменгі ағысқа қауіпсіз мөлшерде жіберіледі, бұл су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді

БОЗЫМБАЕВ ЖЕТЕЛДЕТУДІ ТАПСЫРДЫ

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша,  көктем биыл жылы әрі жауын-шашынды болады деп күтілуде. Өткен жылдың күзінде жауған мол жауын-шашын бірқатар өңірде жер бетінде мұз қабатының қалыптасуына әкелді, бұл өз кезегінде су тасқыны жағдайын күрделендіруі мүмкін.

- Осыған байланысты әртүрлі сценарийлерге дайын болып, қажетті шараларды алдын ала қабылдау маңызды. Әсіресе Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Абай облысының әкімдіктеріне ерекше назар аудару қажет, себебі бұл өңірлерде бірқатар мәселелер бар және олардың кейбірі бойынша шешімдер әлі күнге дейін қабылданбаған. Су тасқынының қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған барлық іс-шаралар кешенін 1 наурызға дейін аяқтау қажет, – деді вице-премьер.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салсақ, 2024 жылы елдің бірнеше өңірінде су тасқыны болып, жағдай ұшыққан еді. Ең көп зардап шеккен аймақтар – Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстары. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарында да су күрт көтеріліп, айтарлықтай шығын келді.