Yandex прокуратураға жүргізушілердің табысы туралы деректерді беретін болды

Ulysmedia
Фото 2ГИС

Алматы қалалық прокуратурасы мен Yandex Qazaqstan алимент төлеуден жалтарудың алдын алу және бала құқықтарын қорғау мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл жөнінде қалалық прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Құжатқа прокуратура тарапынан қала прокуроры Серік Кәріпбеков, ал Yandex Qazaqstan атынан компания басшысы Тимур Шәлекенов қол қойған.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, келісім аясында заңды әрі жүйелі ақпарат алмасу, деректермен жедел бөлісу, сондай-ақ табысты жасыру мен алимент берешегінің жиналуын анықтау және оның алдын алу бағытында бірлескен жұмыс жүргізіледі.

Серік Кәріпбековтің айтуынша, алимент төлеуден жалтарып жүрген кейбір азаматтар ресми түрде жұмыссыз болып көрінгенімен, шын мәнінде цифрлық платформалар, соның ішінде «Яндекс.Такси» арқылы табыс тауып жүруі мүмкін.

Прокуратура дерегіне сүйенсек, өткен жылы қалада осындай 110 жағдай тіркеліп, 57 адамға әкімшілік шара қолданылған. Ал 10 дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Yandex компаниясы Қазақстан нарығында 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Алғашында ол іздеу жүйесі мен музыка сервисі ретінде қызмет көрсетті. 2016 жылдан бастап ауқымды маркетингтік науқан жүргізіп, 2020 жылдың басына қарай жолаушылар тасымалы саласында көшбасшылардың біріне айналды. Әсіресе ірі қалаларда кеңінен танымал болды.

Ел нарығына өзге де ірі халықаралық компаниялар келгенімен, олардың бірқатарын «Яндекс» өз құрамына қосты, ал кейбірі бәсекеге төтеп бере алмай, қызметін тоқтатты.

2023 жылдың желтоқсанында Қазақстанның Бәсекені қорғау және дамыту агенттігі «Яндекс» компаниясының қызметіне тексеру жүргізіп, кассалық бағдарламаларға техникалық қолдау көрсету мен қажетті ақпаратты ұсынбау арқылы такси қызметін үйлестіргені үшін оны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Осыдан кейін «Яндекс.Такси» ерікті түрде Қазақстанның цифрлық экожүйесін қолдау мемлекеттік қорына 3 млрд теңге аударды.