Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанның The News International газетіне берген сұхбатында Қазақстан Ибраһим келісімдеріне неліктен қосылғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Тоқаевтың айтуынша, Президент Дональд Трамптың идеясымен жүзеге асқан Ибраһим келісімдері, шын мәнінде, болашаққа бағдарланған бастама.
- Қазақстан бейбітшілік, тұрақтылық және халықаралық диалог қағидаттарын әрқашан берік ұстанады. Бұл ұстанымнан алдағы уақытта да айнымаймыз.Президент Дональд Трамптың идеясымен жүзеге асқан Ибраһим келісімдері, шын мәнінде, болашаққа бағдарланған бастама. Осы келісімге қосылу арқылы біз дипломатияның күшіне сенетінімізді тағы да растадық. Өйткені бұл кез келген қарама-қайшылықты реттеп, өңірде және жаһанда ұзақ мерзімді тұрақтылық орнатуға болатын парасатты құрал, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ұлттық мүдде тұрғысынан қарасақ, Ибраһим келісімдеріне қосылу елімізге инвестиция мен озық технологияларды тартуға, басқа да қомақты экономикалық игіліктерге кенелуге берік негіз қалайтынын айтады.
- Қазақстанның Израильмен қарым-қатынасы жақсы. Сонымен қатар біз Палестина халқын да қолдаймыз. Екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруіне негізделген шешімді дәйекті түрде құптаймыз. Ұлттық мүдде тұрғысынан қарасақ, Ибраһим келісімдеріне қосылу елімізге инвестиция мен озық технологияларды тартуға, басқа да қомақты экономикалық игіліктерге кенелуге берік негіз қалайды. Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуы араб пен еврей халықтарын қазіргіден де жақындастырып, анағұрлым кең мұсылман-яһуди диалогына ұласуға септігін тигізеді деп үміттенемін, – деді Тоқаев.
БҰҒАН ДЕЙІН
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанның The News International газетіне берген сұхбатында Ресей-Украина қақтығысында Қазақстан араағайын рөлін атқаруға ұмтылмайтынын мәлімдеген еді.