Қазақстан қашып келген Ресей офицеріне босқын мәртебесін беруден бас тартты

Ulysmedia

Қазақстан Ресейден қашып келген офицерге босқын мәртебесін беруден бас тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

«Настоящее время» телеарнасының хабарлауынша, Астана қаласының соты Ресейден қашып келген офицер Евгений Коробовқа босқын мәртебесін беруден бас тартқан.

Құқық қорғаушы Артур Алхасовтың сөзінше,  Коробов «агрессор елдің армиясында қызмет етуден бас тартқаны үшін саяси қудалауға ұшыраған адам және халықаралық қорғауға лайық».

Коробов пен ресейлік «Прощай, оружие!» дезертирлер қауымдастығы жоғары сотқа шағымданбақ.

Контекст

Бұған дейін, 2025 жылғы қыркүйекте, Қазақстанның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы да Евгений Коробовқа босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Мекеме оның Ресейде қандай да бір «пікір-ұстанымына, соның ішінде саяси көзқарасына бола қудалануы мүмкін деп қауіптенуіне негіз жоқ» деп есептейтінін мәлімдеген.

Евгений Коробов Қазақстанға 2023 жылы қашып келген. Ресейде оның үстінен әскерден қашты «дезертир» деген айыппен іс қозғалған.

Коробов Сириядағы соғысқа қатысқан кәсіби әскери офицер. Ресей Украинаға басып кірген уақытта Киев облысында 15-мотоатқыштар бригадасында қызмет атқарған. Кейін өз аяғын өзі атып, әскерден кетіп қалған.