Жақында Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасында қазақ тілі жалғыз мемлекеттік тіл мәртебесін сақтайтынын мәлімдеген еді. Бірақ орыс тілі мемлекеттік органдар мен мекемелерде қазақ тілімен қатар қолданылатын болды. Десе де, бұған қарсы шығып жатқандар баршылық. Орыс тілін Конституциядан алып тастау керек дегендердің қарасы қалың, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТІЛДЕН ІЛ ІШіНДЕ ІРІТКІ ТУУЫ МҮМКІН
Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серікзат Дүйсенғазы халықтың Конституцияда қазақ тілі ғана қалсын деген талабы орынды деп есептейді.
- Халықтың Конституцияда жалғыз тіл қалсын деген талабы бір жағы орынды. Бұл тәуелсіздігін сақтауға ұмтылған, ұлтжандылықтың көрінісі. Тілін қорғап, бозторғайдай шырылдап жатыр. Халықтың сөзі орынды, дұрыс деп деп есептеймін. Екінші жағынан, мемлекеттің, Конституцияны жазып жатқандардың айтып отырған өз уәжі бар. Мемлекеттік орган, әкімдік, мекемелерде орысша шүлдірлейтіндің талабы ма, кім біледі, екі тілді қатар қолдану талабы сақталып отыр. Бұл бизнес, әкімдік, мектеп, ресми органда орысша сөйлейтіндердің талабы болуы мүмкін. Осы салаларда көп қазақ жастары, өзіміздің қаракөздер қазақша сөйлей алмайды. Үлкен ғалым, заңгерлердің арасында қазақша сөйлеп, жазатыны саусақпен санарлық. Олар да билікке талап қояды. Сондықтан биліктегі азаматтар жалтақтап отырғаны осы мәселелер деп ойлаймын. Биліктегілер ел ішінде ірікті туып кетпесін деп орыс тілінің ресми мәртебесін сақтап отыр ма деген ой келеді, - дейді ғалым.
Ақынның айтуынша, Конституциядағы қазақ тілінің жалғыз болуына қарсы шығып жатқандар басқа ұл өкілдері емес, тілін түсінебейтін, сөйлей алмайтын өзіміздің қазақтар.
- Мен өзім ұлт жанашыры болғандықтан, менің те тілегім халықпен бірге.Конституцияда тек Қазақ тілі қалсын, тіліміз тұғырынан таймасын деймін. Бірақ мемлекеттік тілдің жалғыз қалуына қарсы болып жатқандар сол өзіміздің қаракөздер. Келешекете біз жаза алмаймыз, түсінбейміз деп айтып жатыр. Олар менің де қасымда жүр. Бірақ, келшекте осы тілден болып халық екіге бөлініп, ел ішінде іріткі басталса, ол да арты жақсы болмайтын дүние. Сондықтан, елдің тыныштығын да ойлау керек. Әйтпесе, халықтың айтқаны дұрыс. Мен де осындай сәтте рухтанып, тіліміз өлмейді, тұғырына қонады екен деп қуанып отырамын. Ең бастысы мемлекеттік тіл мәртебесін сақтай отыр, енді оны ары қарай дамыту жұмысын жалғастыра беру керек. Оны мектептен бастау керек. Қазақ жастарының санасын қазақша тәрбиелеу керек. Сонда ғана қазақ тілінің мүддесін қорғайтындар қатары артып, тіл мәртебесі биіктей береді, - дейді Серікзат Дүйсенғазы.
ОРЫС ТІЛІ КӨМЕКШІ МӘРТЕБЕСІНЕ ИЕ
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров орыс тілінің Конституциядағы мәртебесі көмекші рөлге ие екенін айтады.
«Жаңа Қонституция жобасының 9-бабында қазақ тілі мемлекеттік тіл деп тайға таңба басқандай жазылған. Бұл мемлекеттік тілдің мәртебесі бәрінен жоғары екенін көрсетеді. Елімізде мектепте оқушылардың 70%-ы, жоғары оқу орындарында студенттердің 70%-ы қазақша оқиды. Сондықтан, Қазақстанда қазақ тілінің мәртебесіне қатысты мәселе түпкілікті шешілген және ешкім оны тұғырынан алып тастай алмайды. Орыс тіліне келетін болсақ, Конституцияның преамбуласында орыс тілі басқа ұлт өкілдерінің құқығын қорғайтын, қосымша, көмекші тіл ретінде айтылады. Бұл заңгерлердің тілімен айтсақ, орыс тілінің көмекші мәртебеге ие екенін айтады. Негізгі басымдылық мемлекеттік тілге тиесілі. Қазір халықаралық геосаяси жағдай күрделі екенін ескерсек, кейбір мәселелерді шешуде уақытша келісімге келуіміз керек. Сондықтан, тіл мәселесін қазір өзекті ету орынсыз, - деді депутат.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін депутат Ермұрат Бапи жаңа Конституция жобасындағы тіл мәртебесіне қатысты пікірлерге ойын білдірген еді.