Хантавирус тіркелген круиздік лайнердегі америкалық жолаушылар Тенерифе аралына эвакуацияланып жатыр. АҚШ билігі індеттің таралу қаупіне байланысты бірнеше штатта медициналық бақылауды күшейтіп, карантин шараларын қолға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КАРАНТИН ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ?
Бұл туралы NBC News жазды. Хантавирус індеті тіркелген лайнерден эвакуацияланған америкалықтарды АҚШ-тың жеті штаты қабылдауға дайындалып жатыр.
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы Канар аралдарына эпидемиологтар мен медицина қызметкерлерінен құралған топ жіберетінін мәлімдеді. Олар америкалықтарды қарсы алып, кейін орналастыру үшін Небраска штатындағы Омаха қаласында орналасқан Небраска медициналық орталығының Ұлттық карантин бөліміне жеткізбек. Ол үшін алдымен Оффатт әскери-әуе базасы пайдаланылады.
Карантин бөлімінде 20 бос орын бар. Әр адамға жеке бөлме мен тамақ қарастырылған. Америкалықтардың денсаулығын күн сайын медицина қызметкерлері, соның ішінде жұқпалы аурулар бойынша мамандар бақылап отырады.
Егер жолаушылардың бірі ауырып қалса, олар карантиннен биологиялық қауіпі бар науқастарға арналған оқшаулау бөліміне ауыстырылады. Бұл бөлімде 2020 жылдың басында COVID-19 жұқтырған алғашқы науқастардың кейбірі, ал 2014 жылы Эбола безгегімен ауырғандар емделген.
АМЕРИКА ДДСҰ ШЫҚТЫ МА?
Вирустың инкубациялық кезеңі алты аптаға дейін созылуы мүмкін болғандықтан, АҚШ-тың штаттық және жергілікті денсаулық сақтау департаменттері америкалық жолаушыларда симптомдардың пайда болуын бақылап отыр.
Джорджия, Техас, Аризона, Вирджиния, Калифорния және Нью-Джерси штаттарының денсаулық сақтау департаменттері круиздік лайнерде болған америкалықтарды, сондай-ақ вирус жұқтырғандармен байланыста болуы мүмкін өзге азаматтарды бақылауға алғанын хабарлады.
Круиздік лайнердегі індетке себеп болған хантавирустың «анд штаммы» адамнан адамға жұғуы мүмкін. Алғашында вирус Оңтүстік Америкада кездесетін күріш егеуқұйрығымен, оның зәрі, нәжісі немесе сілекейі арқылы тараған.
Көптеген сарапшы АҚШ-тың қаңтар айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығуы елдің хантавирус туралы ақпаратты алғашқылардың бірі болып алу мүмкіндігін төмендетеді деп алаңдап отыр.
ВИРУС ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ
ДДСҰ хантавирус жұқтырғандар саны әлі де көбеюі мүмкін екенін ескертті. Себебі вирустың жасырын кезеңі алты аптаға дейін созылады.
Қазір мамандар инфекцияның адамнан адамға берілу ықтималдығын зерттеп жатыр. Бірақ мұндай жағдайлар өте сирек кездесетіні айтылады.
Сондай-ақ кеме бортынан әдетте вирустың негізгі тасымалдаушысы саналатын егеуқұйрықтар табылмаған.
КЕМЕ ЖОЛАУШЫЛАРЫ ІЗДЕСТІРІЛІП ЖАТЫР
Еске салайық, бұдан бұрын Әлем елдері MV Hondius круиздік лайнерінің жолаушыларын іздестіріп жатқаны хабарланған. Кемеде қауіпті хантавирус індеті тіркелгеннен кейін кейбір жолаушылар инфекция туралы ақпарат жария болмай тұрып лайнерден түсіп кеткен. Қазір олардың нақты қайда жүргені белгісіз. Аралық аялдамадан түскен 40-қа жуық адамның арасында қаза тапқан азаматтардың бірінің жұбайы да болған.
ДДСҰ мәліметінше, бортта үш адам көз жұмған – Нидерландтан келген ерлі-зайыпты және Германия азаматы. Тағы сегіз жолаушы, оның ішінде Швейцария азаматы вирус жұқтырды деген күдікке ілінген.
Бортында шамамен 150 адам бар лайнер қазір Кабо-Верде жағалауында дрейф жасап жүр. Кеме Испанияның Тенерифе аралына бағыт алған, сенбі күні жетеді деп жоспарланған.
Үш науқас лайнерден эвакуацияланды. Бірі Нидерландта, екіншісі Германияда ем қабылдап жатыр. Үшінші адам өмірді қамтамасыз ету жүйесіндегі ақауға байланысты рейсі кешігіп, Нидерландқа кейінірек жеткізілмек.
Тенерифеге жеткен соң дені сау жолаушыларды елдеріне қайтару жоспарланған. Испанияның 14 азаматы Мадридтегі әскери госпитальде карантинге орналастырылады.