FlyArystan Қазақстанда рейстердің кешігуі бойынша көш бастап тұр

Сырым Қаржас
depositphotos

FlyArystan 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда рейстердің кешігу саны жөнінен бірінші орынға шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Avianews.kz-ке сілтеме жасап.

МӘН-ЖАЙ

Азаматтық авиация комитетінің дерегінше, былтыр елдегі әр бесінші рейс кешігіп ұшқан. Барлығы 101 151 рейс орындалса, соның 22 383-і кешіктірілген. Орташа алғанда әуе компаниялардың уақытылы ұшу көрсеткіші 78% болған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3% жоғары.

Ең жақсы нәтиже Vietjet Qazaqstan әуе компаниясына тиесілі — рейстердің 84%-ы уақытында орындалған. SCAT пен Air Astana компанияларында бұл көрсеткіш 78% болды. Ал FlyArystan тұрақтылық деңгейі 75% болып, соңғы орынға жайғасты.

СЕБЕПТЕРІ

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, жыл ішінде 39 сағатқа дейін созылған өте ұзақ кешігулер де тіркелген. Көбіне бұған қолайсыз ауа райы, әуе компаниялардың өндірістік шешімдері, ұшақтардың кеш келуі және әуежайлардың уақытша жабылуы себеп болған.

Рейстердің кешігуі мен тоқтатылуы авиация саласында жиі кездесетін мәселе болса да, жолаушылар мен жүк тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін әуе компанияларға жеті әкімшілік хаттама толтырылған. Айыппұлдардың жалпы сомасы – 2,8 млн теңге.

Комитет сонымен қатар "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" жаңа заң жобасында әуе тасымалдаушыларына қойылатын талаптарды күшейту жоспарланып отырғанын ескертті. Атап айтқанда, рейс 30 минуттан артық кешіксе, жолаушы билет құнын толық қайтаруды талап ете алады.