Иранның әскери инфрақұрылымдарында бірнеше үлкен жарылыс болды

Ulysmedia

Шығыс Әзербайжан провинциясындағы Шахид-Салими қаласында қозғалтқыш майларын шығаратын ірі зауыт өртенді. Ұшқышсыз ұшатын аппараттар орталық провинциядағы Исфахан қаласында әскери қойма мен оқ-дәрі өндіретін орталыққа шабуылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі BBC News агенттігіне сілтеме жасап.

Ашық дереккөз

Сонымен қатар Иранның батысындағы Дизфуль қаласында авиабазада жарылыс болып, елдің батысындағы Хамадан мен солтүстігіндегі Решт қалаларында өрт болған.

Жарылыстың даусы Тегеран қаласынан да естіліп жатыр. Жергілікті тұрғындардың хабарлауынша, әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасалған.

Куәгерлердің сөзінше, Иранда ұшақтар көкке көтерілді. Иранның Қорғаныс министрлігі оқ-дәрі өндіретін орталықтардың біріне ұшқышсыз ұшатын апараттардың шабуылдағанын растап отыр.

«28 қаңтар күні сағат 23:30-дар шамасында ұшқышсыз ұшатын аппараттарды пайдаланып, Қорғаныс министрлігінің орталықтарының біріне сәтсіз шабуыл жасалды», – делінген ведомствоның хабарламасында.

Аппараттардың бірін әуе қорғаныс жүйесі атып түсірген. Тағы екі аппарат «қорғаныс қақпанына» түсіп, жарылып кетті.

Қазіргі таңда мерт болғандар мен зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.