Назарбаев дірілдеп құлап түсті: Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіруге кім тапсырыс берген?

Рая Минап
Ulysmedia коллажы

Белгілі саясаткер, кәсіпкер Болат Әбілов марқұм саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевтың өліміне 20 жыл толғанын және оны өлтіруге кім тапсырыс бергенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алтынбек Сәрсенбаев кім?

Алтынбек Сәрсенбаев (1962-2006) – Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, журналист. Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2002-2003), Ақпарат және қоғамдық келісім министрі (2004), "Ақ жол" саяси партиясының негізін қалаушылардың бірі.

1992 жылдан Алтынбек Сәрсенбаев президент аппаратында, министрлер кабинетінде жауапты қызметтер атқарды. 1993 жылдан бастап он жыл бойы баспа, ақпарат және мәдениет саласының мемлекеттік органдарын басқарды. 1993 жылдан баспа және ақпарат министрі, 1995 жылдан баспа және ақпарат жөніндегі ұлттық агенттіктің төрағасы, 1997 жылдан қоғамдық келісім және ақпарат министрі, 1999 жылдан қоғамдық келісім, ақпарат және мәдениет министрі қызметін атқарды. 2001 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін қауіпсіздік кеңесінің хатшысы – президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі болды. 2002 жылдың қаңтарынан Ресейде елші қызметін атқарған.

2003 жылдан бастап Алтынбек Сәрсенбаев өз еркімен президентке отставкаға шығуға арыз беріп, қоғамдық-саяси қызметпен айналысты. 2003 жылдың қараша айында «Ақ жол» демократиялық партиясының ІІІ съезінде бірауыздан тең төраға етіп сайланды. 2005 жылдың сәуірінен «Нағыз Ақ Жол» Қазақстан Демократиялық партиясының тең төрағасы болды.

Алтынбек Сәрсенбаев – бірнеше кітаптар мен монографиялар авторы, саяси ғылымдар докторы.

Алтынбек Сәрсенбаевтың өлімі

2006 жылғы 11 ақпанда Алтынбек Сәрсенбаев, оның күзетшісі Бауыржан Байболсын және жүргізушісі Василий Журавлев хабар-ошарсыз кетті. Екі күннен кейін олардың мәйіттері Алматы маңынан табылды. Үшеуінің де қолы байланып, желке тұсынан атылғаны анықталған.

Бұл қылмысқа байланысты оппозиция өкілдері мен бірқатар БАҚ билік пен ҰҚК-ны айыптады. Осы оқиғадан кейін ҰҚК төрағасы Нартай Дүтбаев қызметінен кетті.

25 ақпанда аталған іс бойынша негізгі күдікті ретінде Сенат аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаев қамауға алынды. 2 наурызда ол Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдап, Сәрсенбайұлы мен оның серіктерін өлтіруге тапсырыс бергенін мойындады. Хатында ол Алтынбектің өзін бірнеше рет сынағанына ренжігенін және бұл шешімді ешкімнің қысымынсыз қабылдағанын жазған.

Кейін тапсырысты орындағандар бұрынғы ІІМ қызметкері мен «Арыстан» арнайы жасағының өкілдері екені белгілі болды.

Сол жылдың жазында Ержан Өтембаев 20 жылға сотталды. Ал тікелей орындаушы Рүстем Ибрагимов өлім жазасына кесілгенімен, елдегі мораторийге байланысты жаза өмір бойы бас бостандығынан айырумен алмастырылды. Жалпы бұл іс бойынша 10 адам сотталған.

2014 жылы Ибрагимов бастапқы айғақтарынан бас тартып, кісі өлтіруге Өтембаев емес, Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев тапсырыс бергенін мәлімдеді. Осыдан кейін Өтембаев мерзімінен бұрын босап шықты, ол сегіз жыл түрмеде отырды.

Кейін Рахат Әлиев «Крестный тесть» атты кітабында Сәрсенбаевты өлтірмегенін айтып, шынайы кінәлілерді биліктің ең жоғарғы эшелондарынан іздеу керек екенін жазды.

Алтынбек Сәрсенбаевты Назарбаев өлтірткізді

Саясаткер Болат Әбіловтің айтуынша, Алтынбек Сәрсенбаев Тұңғыш президентке адал болған. 

- КТК, Хабар телеарнасы, Караван басылымы  - бәрі Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиевтің қолында болды. Ол Дариға және басқа адамдармен бірге қол жинап, билікті қолына алуға дайындалды. Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алтынбек Сәрсенбаев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Марат Тәжин Елбасын биліктен тайдыруға дайындалған барлық құжатты жинап, оны кабинетіне алып барып тавныстырды. Сізді бір-екі сағатта биліктен шығарады деп баяндама жасады. Сол кезде Назарбаев дірілдеп орнынан жерге құрады. Алтынбек пен Тәжин оны орнынан тұрғызып, креслоға отырғызып, Әлиев пен оның айналасындағыларды түрмеге тоғыту керектігін айтты. Сондай әңгіме болды. Қоғам оны әлі білмейді, - дейді ол.

Оның айтуынша, Алтынбектің оппозиялық қызметке кетуі Назарбаевқа ұнамаған, сондықтан оны өлтіруге тапсырыс берген.

- Назарбаев тарапынан Сәрсенбаевқа мен сені министр еттім, билікке араластырдым, қасымда жүрдің де қашып кеттің деген сөздер айтылған. Сәрсенбаев оппозициялық саясаткер болды. Оппозияцияны топтастыруды ойлап жүрді. Алтынбек осы мәселемен айналысатынын айтып жүрді. Билік осыны білді, сондықтан оны өлтірткізді.  Рахат тапсырыс берді деп, орындағандарды соттағанмен, шындық әлі ашылған жоқ. Бұған Әлиевтің ешқандай қатысы жоқ. Тапсырма берген Назарбаев пен оның айналасындағылар. Осы қазадан кейін Қазақстандағы саясат еш өзгерген жоқ. Оппозицияны басып тастаған. Өйткені, мықты қолдау мен үлкен қаржы, ықпалды БАҚ керек. Ол болмаса, ешқандай оппозиция болмайды. Бір-екі адам жүреді. Сосын кетеді. Өзім 10 жыл жүрдім оппозиязияда, кейін тағы бір жыл жүрдім, қолдау жоқтың қасы», - дейді Әбілов.

Вице-президент Дариға Назарбаева болмайды

Болат Әбілов жаңа вице-президент Дариға Нарабаева болмайтынын айтады.

 - Дариға Нарабаева вице-президент болмайды. Бұл лауазымға сенат спикері Мәулен Әшщімбаев пен мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин тағайындалуы мүмкін», - дейді саясаткер.