Германияда жүріп қызметінен айырылған Қамшыбек Ташиев Бішкекке оралды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
13 ақпанда түнгі сағат үште Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиев Бішкекке оралды. Ол Манас халықаралық әуежайына ұшып келген.
Қырғызстандық журналист Айбек Бибосынов Facebook желісінде қысқа видео жариялады. Онда Ташиевті үш ер адам күтіп алғаны, олардың көлікке мініп жатқаны көрінеді.
Контекст
10 ақпанда президент Садыр Жапаров Қамшыбек Ташиевті қызметінен босатқан. Оның орнына Сырғақ Бердіқожаев тағайындалған.
Бұл уақытта Ташиев Германияда ем алып жатқан. Ол Жапаровтың бұл шешімін «күтпеген жағдай» деп бағалаған.
Садыр Жапаровтың өзінің ұзақ жылдан бергі саяси серігі Қамшыбек Ташиевті қызметінен босатқаннан кейін, БАҚ-та екеуінің арасында текетірес жүріп жатқаны туралы айтыла бастады.