Қазақстандық БАҚ пен Telegram-арналарда Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Біз бұл жағдайға байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінен пікір сұрадық. Ведомство ресми сауал жолдауды өтінді. Сауал жолданды, алайда материал шыққан сәтке дейін жауап түскен жоқ.
ЖАУАПСЫЗ ЖАУАП
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде бұл жағдайға қысқаша әрі мән-жайсыз түсініктеме берілді.
— Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде аталған лауазымды тұлғаға қатысты қандай да бір мәлімет жоқ. Интернетте тараған ақпарат ресми дереккөздермен расталмаған. Қолда бар мәліметке сәйкес, лауазымды тұлға денсаулығына байланысты уақытша демалыс алған, — деп хабарлады ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Осылайша, ұсталғаны жөнінде ресми растау жоқ. Алайда бұл ақпаратты нақты жоққа шығару да жасалған жоқ.