Енді үкімет инвесторларға алақан жаймайды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында ел экономикасына инвестиция тарту тетіктері қалай өзгеретінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сынынан кейін Үкімет инвестиция көлемін ЖІӨ-ге шаққанда қазіргі 14–15 пайыздан 2029 жылға қарай 23 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Ал негізгі капиталға салынатын инвестициялар 2024 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге өсуі тиіс.

– 2029 жылға қарай инвестиция көлемін ЖІӨ-нің 23 пайызына дейін кезең-кезеңімен ұлғайту қосымша 120 млрд доллар көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Осылайша, 2025–2029 жылдар аралығындағы жиынтық инвестиция көлемі 400 млрд долларға жетеді, – деді Серік Жұманғарин.

Инвестиция үшін перспективалы салалар қатарында түсті, сирек және қара металдарды өндіру, химия өнеркәсібі, мұнай-химия, агроөнеркәсіп кешені, фармацевтика және өзге де салалар аталды. Алайда инвестор тарту тәсілі түбегейлі өзгермек.

– Қазіргі таңда экономикалық өсудің проактивті саясатын енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл саясаттың мәні – мемлекет тек инвесторларды шақыратын модельден нақты инвестициялық жобаларды қалыптастыру мен іске қосуға белсенді түрде қатысатын модельге көшу. Инвестиция тартудың бұл тәсілі экономика салаларының нақты қажеттіліктеріне бағытталады, – деп уәде берді министр.

Оның айтуынша, жобалардың тиімділігі мен табыстылығын арттыру үшін құзыреті жоғары, озық технологияларға ие жетекші шетелдік стратегиялық серіктестердің қатысуы қамтамасыз етіледі. Инвестиция тартудағы проактивті тәсілдің сәтті мысалы ретінде Серік Жұманғарин екі жобаны атап өтті.

Бірінші жоба – Қарағанды облысында жылына 2 млрд текше метр газ өндіретін, құны шамамен 2 млрд доллар болатын көмірден газ өндіру зауытын салу. Екіншісі – Qarmet жобасы.

– Компания алдағы үш жылда шамамен 3,5 млрд доллар көлеміндегі жобаларды іске асырады. Инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде көмір өндіру 1,4 есеге, темір кені өндірісі 1,8 есеге артады. Сонымен қатар концентраттар өндірісі 1,7 есеге көбейіп, сортты прокат шығару көлемі 2,3 есеге ұлғаяды. Сондай-ақ қуаттылығы 4 млн тонна болатын жаңа құю-илемдеу кешені іске қосылады, – деді Серік Жұманғарин.