АҚШ Қазақстанды Ресеймен бір деңгейде қарастырады - саясаттанушы

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Вашингтон үшін «Мәскеу арқылы» деген иерархия жоқ. Дональд Трамп пен оның әкімшілігі Орталық Азия елдерінің басшыларымен тікелей жұмыс істейді. Мұндай пікірді ресейлік саяси технолог, публицист Станислав Белковский білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Саяси технологтың айтуынша, АҚШ енді өңірлік бірлестіктерді елемей, барлық елмен жеке-дара қарым-қатынас орнатуға көшкен. Оның пікірінше, жұмсақ күшін жоғалтқан Ресейдің Вашингтон үшін Орталық Азияның өзге елдерімен салыстырғанда айрықша мәртебесі жоқ. Ал АҚШ-тың өңірдегі басты бәсекелесі — ресурстар мен логистиканы бақылауына алған Қытай.

– Мәскеу бұрынғы лига емес. Бүгін Вашингтон үшін Ресей, Қазақстан, Өзбекстан немесе Қырғызстан арасында айырмашылық жоқ. Тек сандық айырма бар. Америкалықтар барлығымен тікелей жұмыс істейді. «Мәскеу арқылы» деген иерархия жоқ. Ресей жұмсақ күшке негізделген ықпалынан айырылды. Ал жұмсақ күш сарқылғанда, соғыс басталады. Бұл, соның ішінде, Украинадағы қақтығысты да түсіндіреді, – деді Белковский 24.kg басылымына берген сұхбатында.

Оның ойынша, АҚШ Орталық Азиядағы Қытайдың позициясын әлсірете алады, бірақ оны толықтай ығыстыра алмайды.

– Көп нәрсе Вашингтонның ұстанымындағы тұрақтылыққа байланысты. Трамптың философиясы «Түлкі мен жүзім» мысалындағыдай: егер бірдеңе жүзеге аспаса, ол оған қызығушылығын жоғалтуы мүмкін. Қазіргі әлемде бірнеше бағытта бірдей әрекет ете алатындар ұтады. Мысалы, Әзербайжан: Түркиямен де, Израильмен де тығыз қарым-қатынаста, ал бұл елдердің өзара қатынасы күрделі. Сол сияқты Орталық Азия елдері де тағдырын бір ойыншыға байламай, бір мезгілде әрі АҚШ-пен, әрі Қытаймен ынтымақтастық орната алады, – деп түйіндеді саяси технолог.