Украина мен Ресей келіссөздері: Трамптың арнайы өкілі мәлімдеме жасады

Сырым Қаржас
Reuters

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерде «елеулі даму» барын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл туралы АҚШ президентінің арнайы өкілі X әлеуметтік желісінде жазды.

- Президент Трамптың осы соғыс тараптарын жақындастырудағы табысы айтарлықтай ілгерілеуге алып келді. Біз бұл сұмдық қақтығыста адам өлімін тоқтату үшін оның басшылығымен жұмыс істеп жатқанымызды мақтан тұтамыз. Екі тарап та өз көшбасшыларын хабардар етуге және келісім бойынша жұмысты жалғастыруға келісті, — деді Стивен Уиткофф.

Бұған дейін AFP агенттігінің ресейлік делегациядағы дереккөздері сейсенбі күні өткен келіссөздерді «өте шиеленісті» деп сипаттаған еді. Ал Axios басылымының журналисі Барак Равид X желісінде консультациялар «тұралап қалғанын» жазды.

КОНТЕКСТ

Кеше Женевада келіссөздердің кезекті раунды басталды. Reuters мәліметінше, Мәскеу Донецк облысының шығыс бөлігінің шамамен 20 пайызын өзіне беруді талап етіп отыр. Сондай-ақ Запорожье АЭС төңірегінде талқылау болуы мүмкін. Аумақтық мәселе күн тәртібіндегі ең күрделі тақырып болып қалып отыр.