Күндіз жұмыс істеп немесе оқып, түнде хатым Құранға қатысатын жандар кейде қатты шаршап, сәреге ояна алмай қалып жатады. Осындай жағдайда да Ислам діні парыз саналатын оразаны себепсіз тастауға рұқсат бермейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
ҚМДБ мәліметінше, Рамазан айында сәреге ұйықтап қалған адам оянған соң аз да болса бірдеңе ішіп-жеп, кейін ораза ұстауға ниет етемін десе, оның ниеті де, сол күнгі оразасы да дұрыс болмайды. Ал егер оянған сәттен бастап жеп-ішу, жыныстық қатынас сияқты оразаны бұзатын әрекеттерден тыйылып, сол күннің оразасын ұстауға ниет етсе, оның оразасы қабыл болады. Мұндай жағдайда ниетті тал түске дейін жасауға болады.
Сәләма есімді сахабадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Асләм тайпасынан бір адамға: «Халыққа хабарла: бүгін тамақ ішкендер күннің қалған бөлігінде ішіп-жемесін, ал ештеңе жемегендер ораза тұтсын. Өйткені бұл – Ашура күні», – деп бұйырған (Бұхари, Мүслим). Бұл хадисте Рамазан оразасы Ашура күнімен салыстырылады. Себебі Исламның алғашқы кезеңінде Ашура күні ораза ұстау парыз болған (Иғлаус-сүнән).
Имам Тахауи бұл хадиске сүйене отырып: «Белгілі бір күні ораза ұстауы тиіс адам түнде ниет етпесе де, күндіз ниет етуіне болады», – деген. Сонымен қатар таң атқаннан кейін оразаны бұзатын әрекеттер жасалмаса, күн ауғанға дейін ниет ету дұрыс деп есептеледі. Ал егер таңнан кейін әдейі немесе ұмытып ішіп-жеп қойса немесе жыныстық қатынас жасаса, онда сол күнгі оразаға ниет ету жарамсыз болады (Фәтәуа Һиндия, Шарх Тахауи).
Осыған сәйкес, Рамазан айында сәреге ұйықтап қалған адам оянған кезде ештеңе ішіп-жемей, ораза ұстауға ниет етіп, сол күнгі оразасын жалғастыруға міндетті.