Рэпер Qarakesek сотқа мәжбүрлі түрде жеткізіледі

Сырым Қаржас
Фото: instagram

Ақтөбеде рэпер Омар Аманбаев, яғни Qarakesek, сот отырысына келмеген. Осыған байланысты ол сотқа мәжбүрлі түрде жеткізілетін болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЕСІРТКІ САҚТАҒАН БА

31 жастағы музыкантқа қатысты сот отырысы бүгін, 18 ақпанда өтуі тиіс болған. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 3-бөлігі — сату мақсатынсыз есірткі заттарын заңсыз сақтау бойынша айыпталып отыр. Айыпталушы сот тыңдауының күні мен уақыты туралы алдын ала хабардар болғанына қарамастан, отырысқа келмеген. Оның адвокаты рэпердің кешігіп жатқанын айтқаннан кейін сот үзіліс жариялаған. Алайда прокурор айыпталушыны мәжбүрлі түрде жеткізуді сұрады.

– Айыпталушы сот отырысының уақыты мен орны туралы біле тұра, дәлелді себепсіз келмеді және оны растайтын құжаттар ұсынған жоқ. ҚР ҚПК-нің 157-бабына сәйкес, айыпталушы Омар Аманбаевты сотқа мәжбүрлі түрде жеткізу туралы қаулы етемін, – деді судья Тұрсынхан Салықов.

КОНТЕКСТ

31 жастағы рэпер 2025 жылғы қыркүйекте Ақтөбеде ұсталған. Полиция мәліметінше, ол автокөлікті есірткілік мас күйінде басқарған. Көліктен ұнтақ тәрізді заты бар «zip»-пакет табылған. Құқық қорғау органдарының дерегіне сәйкес, тәркіленген зат синтетикалық есірткі болып шыққан.

Мас күйінде көлік басқарғаны үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 тәулікке қамауға алынған және жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылған. Келесі сот отырысы 19 ақпанға белгіленген.