Референдум нәтижелері Наурызға дейін жарияланады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Орталық референдум комиссиясы дауыс беру мен дауыстарды санау кестесі туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Орталық референдум комиссиясының мүшесі Азамат Айманқұловтың айтуынша, 2026 жылғы 15 наурызда сайлау учаскелері таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Егер жекелеген учаскелер үшін өзгеше тәртіп белгіленбесе, осы уақыт қолданылады.

Сондай-ақ, учаскеде тіркелген барлық азамат сағат 20:00-ге дейін дауыс беріп үлгерсе, учаске жұмысы ертерек аяқталуы мүмкін.

— Дауыстарды санау референдум комиссиясының мүшелері тарапынан үзіліссіз жүргізіледі. Дауыс беру қорытындылары Конституциялық заңға сәйкес санау кезінде қатысып отырған тұлғаларға жеткізілуі тиіс. Учаскедегі дауыстарды санау уақыты санау басталған сәттен бастап 12 сағаттан аспауы керек, — деп атап өтті Айманқұлов.

Ол сондай-ақ референдумға дауыс беруге құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі қатысқан жағдайда ғана референдум өтті деп есептелетінін еске салды.

Референдумға шығарылған мәселе бойынша шешім қабылданды деп танылуы үшін дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы «қолдаймын» деп дауыс беруі және бұл қолдау облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың кемінде үштен екісінде тіркелуі қажет.

— Дауыс беру қорытындылары Орталық референдум комиссиясының отырысында шығарылады. Референдум нәтижелері туралы Орталық референдум комиссиясының ресми хабарламасы дауыс беру аяқталған күннен бастап жеті күннен кешіктірілмей Комиссияның ресми парақшасында және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады, — деді Азамат Айманқұлов.

КОНТЕКСТ

Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум 2026 жылғы 15 наурызда өтеді. ОСК бекіткен күнтізбеге сәйкес, үгіт-насихат науқаны үш күнге созылады. 14 наурыз — тыныштық күні, 15 наурыз — дауыс беру күні.