БҰҰ шешенстандық оппозиционерге қатысты Қазақстанға талап қойды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті Мансур Мовлаевке қатысты іс бойынша шұғыл шара қабылдап, Қазақстан Республикасына оны Ресейге экстрадициялаудан уақытша бас тартуды міндеттеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Комитеттің шешіміне сәйкес, 2026 жылғы 23 ақпанда Ресей Федерациясының азаматы Мансур Мовлаевтың мүддесі үшін берілген жеке шағым аясында шұғыл шара қолдану туралы қаулы қабылданған. Онда шағым мәні толық қаралғанға дейін Мовлаевты Ресей билігіне бермеу талап етіледі.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті мұндай шұғыл шараларды адамға орны толмас зиян келу қаупі болған жағдайда, соның ішінде өміріне қатер төнсе немесе азаптауға ұшырау тәуекелі бар кезде қолданады. Аталған іс бойынша Комитет Мансур Мовлаевты Ресей Федерациясына тапсыру оның өмірі мен қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіруі мүмкін деп таныған.

Осыған байланысты Қазақстан билігіне экстрадицияны уақытша тоқтата тұру жөнінде талап қойылды. Шағым Комитет тарапынан мәні бойынша қаралатын болады.

Мансур Мовлаев ісі халықаралық деңгейде адам құқықтарын сақтау мәселесіне байланысты бақылауға алынған.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның бас прокуратурасы шешенстандық оппозиционерді Ресейге тапсыруға келіскен болатын. Артынша шешен оппозиционерінің ағасы қазақстандықтарға үндеу жасады. 

2020 жылы Шешенстан билігін сынға алған Мовлаев Ресейде есірткі сақтады деген айыппен сотталған. Ол шамамен 1,5 жыл түрмеде отырып, 2022 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Қорғау тарапы істің күштік құрылымдар тарапынан жасалған қысыммен байланысты болғанын мәлімдейді. Бостандыққа шыққаннан кейін белсенді пробациялық бақылауда болып, Шешенстанда тұрақты түрде тіркеліп тұруға міндеттелген.