Қазақстан билігі Украинада тұтқынға түскені туралы айтылған 30 жастағы Нұрсұлтан Исаковқа іздеу жариялады. Ол туралы қаңтар айында украиналық мемлекеттік «Хочу жить» жобасы материал таратқан еді. Ulysmedia.kz іздеу жөніндегі мәліметті Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталынан анықтады.
Іздеу сот арқылы жарияланған
Дерекқорға сәйкес, іздеу ісі 2026 жылғы 19 ақпанда Ақмола облысында тіркелген. Бастамашы – сот. Іздеуді Атбасар аудандық полиция бөлімі жүргізіп жатыр.
Іздеу парағында: Нұрсұлтан Талғатұлы Исаков, 1995 жылғы 14 қарашада туған, Қазақстан Республикасының азаматы, ұлты – қазақ деп көрсетілген.
2026 жылдың қаңтарында «Хочу жить» жобасы дәл осы қазақстандықтың видеосын жариялаған. Онда ер адам Ресейде өзіне есірткі «тасталғанын», содан кейін Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қоюға мәжбүр болғанын айтқан. Оның сөзінше, түрмеден қорқып, соғысқа баруға келіскен. «Шетелдіктерді алғы шепке жібермейді» деген уәдеге қарамастан, ол алдымен Херсон облысына, кейін Часов Яр маңына штурмдық топ құрамында жеткізілген.
Қазақстандық соғыста қалай аман қалғанын айтты
Ер адамның айтуынша, ол серіктесімен бірге шамамен бір ай бойы жертөледе, ешқандай жағдай жасалмай отырған. Су таусылған соң, өз зәрін ішуге мәжбүр болған. Ақырында екеуі берілуді ұйғарған. Украиналық дрон оларға су мен нұсқаулық тастап, сол дронның соңынан еріп, Украина әскерінің позицияларына шыққан.
– Туысқандарымның аодында да, өз елімнің алдында да кінәлімін… Отбасыма да, еліме де масқара болып отырмын…, – дейді ол видеода.
Ол Қазақстанда өзіне қылмыстық жауапкершілік төнуі мүмкін екенін, ал Ресейде қайтадан майданға жіберілу қаупі барын түсінетінін айтқан. Сондықтан тұтқынға берілуді жалғыз дұрыс шешім деп атаған.
Ulysmedia.kz Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне Исаковқа қатысты қылмыстық іс жөнінде сауал жолдады. Материал жарияланған уақытта жауап әлі келмеді.
Тұтқынның отанында қандай жауапкершілік күтіп тұр
Қазақстан заңнамасына сәйкес, өзге ел аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Егер жалшылық белгілері болмаса, соғыс қимылдарына қатысқаны үшін 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал соғысқа жалданып барғаны үшін – 7 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру, азаматтықтан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы бар.
Соңғы уақытта Қазақстан билігі Украинадағы соғысқа Ресей жағынан қатысқан азаматтарды қудалауды күшейткен. Медиазона дерегінше, өткен жылы мұндай фактілер бойынша 700-ден астам қылмыстық іс қозғалған, ал бұған дейін олардың саны ондаған ғана болған.