Аттестат алған оқушыларға не істеуге тыйым салынады?

Ulysmedia
Фото: gov.kz

Астанада полицейлер ата-аналар мен мектеп түлектеріне аттестат тапсыру рәсімі мен салтанатты бітіру кештеріне қатысты кезекті ескерту жасады. Сонымен қатар құқық қорғау органдары тыйымдар тізімін кеңейтті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Неге тыйым салынған

Полиция 18 маусым күні елорда мектептерінде аттестатты салтанатты түрде табыстау рәсімі өтуіне байланысты ата-аналарға мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет екенін ескертті.

Полиция мектеп бітіру кештері алдында оқушыларға бірқатар тыйымдарды жариялады:

мейрамханаларда, дәмханаларда, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында мереке өткізуге тыйым салынады;

автокортеж ұйымдастыруға болмайды;

таңды қарсы алу шараларын өткізуге рұқсат жоқ.

“Сондай-ақ аттестат тапсыру рәсімін ұйымдастыру мен өткізу кезінде ата-аналарға, заңды өкілдерге немесе оқушыларға ақша, сыйлық, түрлі жарналар мен өзге де материалдық заттар жинауға қатаң тыйым салынатыны ескертілді”, – делінген хабарламада.

Полицияның айтуынша, «мектеп бітіру кешінің басты құндылығы — қымбат мейрамхана немесе дастарқан емес. Оның шынайы мәні — ұстаздарға алғыс айту, мектеппен лайықты түрде қоштасу, сыныптастармен естеліктермен бөлісу және болашаққа сеніммен қадам басу».