Алматы мен Астана ажырасудан көш бастап тұр

Ulysmedia
Фото pixabay

Қазақстанда соңғы 20 жылдағы ең төмен неке саны тіркелді. Ал ажырасу саны соңғы жеті жыл ішіндегі ең жоғары деңгейге жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда 21,6 мың неке тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,9%-ға аз. Статистикаға сәйкес, бұл көрсеткіш соңғы 20 жылдағы ең төмен деңгей болып отыр.

Finprom сарапшыларының мәліметінше, бес жыл бұрын жағдай басқаша болған. 2021 жылдың басында елде 32 мыңнан астам неке қиылған. Одан кейін жаңа отбасылар саны біртіндеп азая бастаған.

Неке саны азайып жатқанымен қатар, ажырасу көрсеткіші өсіп келеді. Биыл қаңтар–наурыз аралығында Қазақстанда 11,2 мың неке ресми түрде бұзылған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 10,2 мың болған. Қазіргі деңгей соңғы жеті жылдағы ең жоғары көрсеткішке жеткен.

Некелер мен ажырасулардың басым бөлігі қалаларда тіркелген. Үш ай ішінде қалада 14,5 мың неке және 8,4 мың ажырасу тіркелген. Ауылдық жерлерде 7,1 мың неке және 2,8 мың ажырасу рәсімделген.

Әсіресе ауылдық жерлерде жаңа отбасылар саны айтарлықтай азайған. Бір жыл ішінде ол жерде неке саны 8,8%-ға төмендеген. Қалаларда бұл көрсеткіш 1,4%-ға азайған.

Ең көп неке Алматы қаласы мен Түркістан облысында тіркелген, әрқайсысында 2,3 мыңнан. Одан кейін Астана қаласы (2,1 мың) тұр. Ең аз неке Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген.

Ажырасу саны бойынша Алматы, Астана және Қарағанды облысы көш бастап тұр. Бұл өңірлерде некенің бұзылу көрсеткіші ең жоғары.

Статистика соңғы бес жылда елдегі некелесу деңгейі 6,9-дан 4,25-ке (1000 адамға шаққанда) төмендегенін көрсетеді. Ал ажырасу деңгейі екі еседен астам өсіп, 0,98-ден 2,2-ге жеткен.