Жетісу облысының сотында Талдықорған қаласының бұрынғы полиция басшысы Марат Күштібаевтың полиция департаментіне қарсы талап-арызы қаралды. Дау қызметтік пәтерді жекешелендіру мәселесіне қатысты болды. Қазір түрмеде отырған Күштібаев полиция департаментіне пәтерді жекешелендіру туралы рапорт тапсырғанымен, құжат қараусыз қалған. Осыған байланысты ол ведомстводан мәселені тұрғын үй комиссиясының қарауына шығарып, ресми шешім қабылдауды талап етті. Іс немен аяқталғанын Ulysmedia.kz баяндайды.
Қызметі мен рапорт
2016 жылы тұрғын үйге мұқтаж ретінде Күштібаевқа Талдықорғандағы «Болашақ» шағынауданынан пәтер берілген. Отбасы бұл үйде сегіз жылдан астам тұрған, күрделі жөндеу жасап, барлық коммуналдық шығынды өзі көтерген.
2023 жылдың наурызында пәтер полиция департаментінің балансына өткізілді. Тамыз айында Күштібаев пен тұрғын үй комиссиясы арасында қызметтік тұрғын үйді жалдау туралы келісім жасалды. Бірнеше күннен кейін ол пәтерді жекешелендіру туралы рапорт тапсырған. Құжат тіркелгенімен, іс әрі қарай қозғалмаған.
Талапкердің уәжі
Экс-полковник соттан полицияның әрекетсіздігін заңсыз деп тануды және рапортын тұрғын үй комиссиясының қарауына міндеттеуді сұрады.
– Құқық қорғау органдарында 35 жылдан астам қызмет атқардым. Заң бойынша 20 жылдан аса еңбек өтілі бар қызметкерлер, егер үй жекешелендіруге жатса, қызметтік тұрғын үйді тегін жекешелендіруге құқылы, – деді ол.
Күштібаевтың айтуынша, зорлау қылмысы үшін қызметтен теріс себеппен босатылғаны жекешелендіруден бас тартуға негіз болмауы тиіс, өйткені тұрғын үй заңнамасында мұндай тыйым жоқ.
«Ол енді қызметкер емес»
Жетісу облыстық полиция департаментінің өкілі талап-арызды қанағаттандырмауды сұрады.
– Пәтер қызметтік тұрғын үй санатына жатады. Талапкер ішкі істер органдарында жұмыс істемейді. Ал ведомствода баспанаға мұқтаж қызметтегі полицейлер көп, – деді ол.
Сонымен қатар, өкіл рапорттың шынымен қаралмағанын мойындап, оның себебін нақты айта алмады. Алайда Күштібаев 2023 жылдың қарашасынан бері қамауда болғанын, алдымен тергеу изоляторында, кейін колонияда отырғанын ескерген сот бұл жағдайды талап қою мерзімін өткізіп алудың дәлелді себебі деп танып, оның сотқа жүгіну құқығын қалпына келтірді.
Сот шешімі
Соттың айтуынша, қызметтен теріс себеппен босатылғаннан кейін пәтерді жекешелендіруге бола ма деген дауға қарамастан, мемлекеттік орган азаматтың өтінішін міндетті түрде қарап, шешім қабылдауы тиіс (қанағаттандыру немесе негізді түрде бас тарту). Мемлекеттік органның әрекетсіздігі Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті бұзады.
Нәтижесінде сот полиция департаментінің әрекетсіздігін заңсыз деп танып, Күштібаевтың рапортын тұрғын үй комиссиясының қарауына шығарып, оған қатысты шешім қабылдауды міндеттеді. Ал жекешелендіруге құқығы бар-жоғына баға бермеді, өйткені бұл соттың құзыретіне кірмейді.
Экс-полицейге қатысты іс
Марат Күштібаев зорлау қылмысы үшін жазасын өтеп жатыр. Ол Талдықорған қалалық полиция басқармасын басқарған кезде қызметтік кабинетінде қызды зорлаған. 2024 жылдың сәуірінде сот оны 11 жылға бас бостандығынан айырды, 10 жылға мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салды және полиция полковнигі атағынан айырды. Апелляция шағымы қанағаттандырылмады.