Самал Ибраеваға жасалған кибершабуыл: іс халықаралық деңгейде

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға қарсы жасалған кибершабуылға қатысты тергеудің барысы жөнінде Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов мәлімдеді.

Халықаралық деңгей

Мәжілістің пленарлық отырысы кулуарында Ulysmedia.kz тілшілері вице-министрден бас редактор Самал Ибраеваның арызы бойынша қозғалған істің қай сатыда екенін сұрады.

– Самал Ибраеваның арызы тіркелді, қазір бұл істі Астана қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасы қарап жатыр. Бірқатар халықаралық тергеу тапсырмалары жолданды. Тергеу жалғасуда, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – деді Санжар Әділов.

Оның айтуынша, жақын арада тергеуші Самал Ибраевамен байланысып, істің барысы туралы ақпарат береді.

Редакция өкілдері халықаралық тергеу тапсырмалары жіберілгеніне қарап, шабуыл Қазақстан аумағынан тыс жерден жасалған болуы мүмкін бе деген сұрақ қойды. Әзірге жалған хабарландыруларды орналастырған адамдар анықталмаған. Ал шетелге сұраулар Kyzdar.net сайтының иелері Қазақстаннан тыс жерде тұруы мүмкін деген болжаммен жолданған.

– Доменнің тіркелуі туралы деректер бар, сайт Қазақстан аумағында орналаспаған. Осыған байланысты Бас прокуратура арқылы басқа мемлекеттердің аумағында бірқатар тергеу-жедел іс-шараларын жүргізу үшін халықаралық тергеу тапсырмалары жолданды. Қазір сол сұрауларға жауап күтіп отырмыз, – деп түсіндірді ІІМ вице-министрі.

Бір жылға жуық нәтиже жоқ

Еске салайық, 2025 жылдың көктемінде белгісіз біреулер «жезөкшелер туралы хабарландырулар» жарияланатын сайтқа Самал Ибраеваның жалған фотосын және оның нақты телефон нөмірін орналастырған. Алайда содан бері кибершабуылға жауапты тұлғалар әлі анықталған жоқ. Даулы сайт та толықтай бұғатталған жоқ. Бұл жағдайдың не себепті созылып кеткені туралы Ulysmedia.kz бұған дейін жазған еді.