Иаков Воронцов екі айға қамауға алынды

Сырым Қаржас
Facebook/Иаков Воронцов

Алматыда тергеу соты бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцовке қатысты бұлтартпау шарасын таңдады. Сот қорғау тарапының үйқамаққа алу туралы өтінішін қанағаттандырмай, оны екі ай мерзімге қамауда ұстау туралы шешім шығарды. Бұл туралы Ulysmedia.kz тілшісіне адвокат Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

ТОЛЫҒЫРАҚ

– Мен бұл шешіммен келіспеймін. Қаулы әзірге дайын емес, бірақ оны міндетті түрде шағымданамын, – деді адвокат.

Оның айтуынша, сот бұлтартпау шарасын таңдағанда қорғау тарапының уәждерін және күдіктінің денсаулық жағдайын ескермеген.

– Оның қан тамырлары мен буындарына байланысты созылмалы аурулары бар. Сот мұны назарға алмады. Меніңше, болып жатқан жағдайды не қорқыту әрекеті, не адамның өз пікірін айту құқығы жоқ екенін көрсету талпынысы деп бағалауға болады. Бұл – оны толық оқшаулап, ешкіммен байланыстырмау әрекеті сияқты, – деді қорғаушы.

Жақында бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцов Алматыда қайтадан ұсталған. 23 ақпанда оның әкімшілік қамау мерзімі аяқталғанымен, ол уақытша ұстау изоляторынан босатылмаған. Оған жаңа айыптар тағылған. Тергеу оған Қылмыстық кодекстің 302-бабы («Есірткі притонын ұстау») және 296-бабы («Есірткіні өткізу мақсатынсыз сақтау») бойынша күдік келтіріп отыр. Қазіргі таңда Воронцов күдікті мәртебесінде. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

Еске салайық, Иаков Воронцов Украинадағы соғысқа қатысты ашық пікірлерімен және Қазақстанда Орыс православ шіркеуінен тәуелсіз жаңа православтық бірлестік құру жоспарымен танылған.