Қазақстандық профессор Ресеймен шекараны шұғыл жабу керегін айтты

Сырым Қаржас
фото: Александр Кондратюк / РИА Новости

БҚО «Ветеринар дәрігерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, профессор Ғайса Абсатиров Қазақстанға Ресейдің шекаралас өңірлерінен жануарлардың жұқпалы аурулары тасымалданып жатқан фактілер бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Профессор транзит немесе мал импортынa байланысты күмәнді, «бұрын белгісіз» аурулардың тіркеліп жатқанын атап өтті. Мәселен, 2016 жылдың жазында Атырау облысында нодулярлық дерматит анықталған. Абсатиров осы оқиғадан кейін ветеринарлық бақылау жеткілікті деңгейде қатаңдатылмады деп, салалық қызметті сынға алды. Оның айтуынша, 2026 жылы да жаңа оқиғалар тіркелген.

Қаңтар айында «Тәжен» өткізу бекетінде Кабардин-Балқариядан әкелінген мал кері қайтарылған. «Құрманғазы» бекетінде Солтүстік Осетия – Аланиядан жеткізілген малдан аусылға күдік туған. Ал 1 ақпанда «Шарбақты» бекетінде Алтай өлкесінен келген малдан да аса қауіпті ауру белгілері анықталып, партия қайта жөнелтілген. Абсатиров Ресейдегі аусылға қатысты эпизоотиялық жағдайдың қолайсыз екенін ерекше атап өтті.

— Қазақстанның ветеринарлық қызметі эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыру үшін едәуір күш жұмсап, қомақты қаржы бөлді. Алайда бұл шекара мен көліктегі ветеринарлық басқарма үшін сабақ болмады, сол кезде-ақ шекарадағы ветбақылау пункттерінде бақылауды қатаңдату қажет еді. 2026 жылы да Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде трансшекаралық патологиялар тіркелді. Көрші Ресейде аса қауіпті ауру — аусыл бойынша эпизоотиялық жағдай өте қолайсыз, — деді профессор.

Оның айтуынша, әрекетсіздік елдің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндірген. Нәтижесінде мамандар билік өкілдерін жануарлар мен мал шаруашылығы өнімдерінің Қазақстан аумағы арқылы қозғалысын уақытша тоқтату, яғни шекараны жабу қажеттігіне көндірген.