«Саясат туралы әңгіме жоқ»: Нұрәлі Әлиевтің таудағы бизнес-жорығы қалай өтті

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

«Бұл – рухани қауымдастық, мұнда ешқандай саясат жоқ». Таудағы жорыққа қатысушылармен әңгімені осылай бастаған Нұрәлі Әлиев, Қазақстанның тұңғыш президентінің жиені, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Іскерлік таңғы ас пен өзенге шомылу

Таулы жорықтың бағдарламасы ауқымды болған. Анонс SM’s 5AM Club Instagram парақшасында жарияланған. Сипаттамада бұл – таңғы бесте тұратын, мотивациясы жоғары адамдардың жаһандық қауымдастығы екені айтылған. Оны өзбекстандық кәсіпкер Сардор Мұхамедалиев құрған.

Формат бойынша қатысушылар таңғы 5:45-те «Медеудің» жанында жиналып, Горельникке барып, мұздай тау суына шомылып, мейрамханада таңғы ас ішкен. Ал Нұрәлінің айтуынша, өзі жетекшілік ететін Spark of Light рухани қозғалысында қарапайым мектепте оқытылмайтын дүниелер үйретіледі.

— Мұнда ешқандай саясат жоқ. Бұл — тек руханият туралы. Бүгін сіздермен соны бөліскім келеді. Махаббат — бақыттың көзі. Махаббат — Құдайдың вибрациясы. Біз барлық білімді біріктіріп, ең жоғары деңгейді бергіміз келеді. Негізі, мен бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін білемін. Өкінішке қарай, мектепте бұны үйретпейді. Сен өмірде қажеті жоқ пәндерді оқисың, бірақ қалай дұрыс өмір сүру керегін, қалай дұрыс тамақтану қажет екенін, өзіміздің кім екенімізді ешкім түсіндірмейді. Өте қарапайым дүниелер адамзатқа жеткізілмей келеді. Ал біздің мақсатымыз — рухани қауымдастықты ағарту. Бұл — білім беру, — деді жиынға қатысушыларға Назарбаевтың немересі.

Әлиев тек руханият жайлы айтып қана қойған жоқ. Ол өзгелермен бірге еш қысылмай мұздай суға да сүңгіп шықты.

Тек руханият емес: псилоцибин мен галлюцинация туралы

Таудағы жорыққа дейін Нұрәлі Әлиев Instagram парақшасында саңырауқұлақтардың суретін жариялап, оған: «Псилоцибин адам жасушаларының өмірін 50 пайызға ұзартады» деп жазған. Бұған «Айран» арнасының журналистері назар аударды. Ал Википедияда бұл саңырауқұлақтар туралы былай делінген:

— Псилоцибинді саңырауқұлақтар — құрамында псилоцибин мен псилоцин атты психоактивті заттары бар галлюциногенді саңырауқұлақтар тобы (негізінен Psilocybe туысына жатады). Олар сана күйін өзгертеді, галлюцинация тудырады және психоделиктер қатарына кіреді.

САРАПТАМА

Forbes Kazakhstan тізімінде шамамен 289 млн доллар байлығымен 39-орында тұрған 41 жастағы Нұрәлі Әлиев экс-Астана әкімінің орынбасары, «Транстелекомның» бұрынғы иесі, бүгінде Spark of Light («Жарық ұшқыны») атты рухани жобаның негізін қалаушы. Ол таңды тауда қарсы алады. Әңгімесі жарасқан жандарды тауда серуендеуге шақырады. Мұның бәрі тегін, тек алдын-ала тіркелу керек, сонымен бірге жұмыс орны мен лауазымын көрсетуі тиіс.

Алтын табақтан ас жеп өскен бала кенеттен рухани тақырыпқа бет бұрады деп кім ойлаған? Не түрткі болды?  Назарбаев әулеті тақтан түсіп, тарих қойнауына еніп бара жатқан тұста бұл жігіт нені көксеп жүр? Ulysmedia.kz тілшісі талдап көрді.