Ресей Украинадағы соғысқа қатысқан қазақстандықтарды қайтармайды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Ресей Қазақстанға Украинадағы соғысқа қатысқан жалдамалыларды бермейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ресейдің Мемлекеттік думасы шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларды экстрадициялаудан бас тартуды көздейтін заң жобасын бірауыздан қабылдады. Құжатқа сәйкес, Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырып, ұрыс қимылдарына қатысқан шетелдіктерді басқа мемлекеттердің сұрауы бойынша беруге тыйым салынады. Яғни ресейлік әскери ведомствомен жасалған келісім енді экстрадициядан бас тартуға тікелей негіз болады.

Адвокат Евгений Смирнов бұл шешім Ресей заңнамасының соғыс жағдайына бейімделіп жатқанын көрсететінін айтады.

— Бұрын Ресейде жалдамалылар деген ұғымның өзі болмаған, керісінше, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылатын әрекет саналатын. Сондықтан мұндай адамдарды басқа елдерге беру мәселесі де көтерілмейтін. Қазір жағдай өзгерді: жалдамалыларға бірқатар елдерде қылмыстық іс қозғалуы мүмкін, оларды Интерпол арқылы іздеуі ықтимал. Осындай жағдайда Ресей соғысқа жалдамалыларды тартуды жалғастыру үшін өз аумағында қолайлы жағдай жасап отыр, — деді ол vot-tak.tv-ға берген сұхбатында.

СТАТИСТИКА

«Хочу жить» жобасының дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың күзіне қарай Ресей Украинадағы соғысқа 10 мыңнан астам шетел азаматын тартқан. Жалдамалылар саны бойынша Еуразиялық экономикалық одақ елдері алда келеді:

— Тәжікстан — 1500-ден астам адам,
— Беларусь — 1300-ден аса,
— Қазақстан — 1100-ден көп.