Тоқаевтың сынынан кейін «Самұрық-Қазынада» жаппай қысқарту басталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қысқарту жоспары
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов компаниялар тобында алдағы уақытта кадрлық қысқартулар жүргізілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Астанада қордың еншілес құрылымдарында шамамен 6,5 мың адам жұмыс істейді. Соның 10 пайызы, яғни 650-ге жуық қызметкер қысқартылмақ.
Жақыповтың сөзінше, қысқарту өндірістік персоналға емес, басқару буынындағы қызметкерлерге қатысты болады.
— Бізде қызметкерлерді бағалау жүйесі, тиімділік көрсеткіштері, сондай-ақ ынталандыру тетіктері бар. Қысқарту туралы шешім қабылдағанда осының бәрі ескеріледі. Процесс объективті болады, өндірістік қызметкерлерге бұл өзгерістер әсер етпейді. Барлық еңбек ұжымдарында тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді, — деді қор басшысы.
Ол жаппай қысқарту наурыз айының соңына дейін аяқталатынын нақтылады.
Өтемақы мәселесі
Жұмыстан босатылғандарға қандай көлемде өтемақы төленетіні әзірге белгісіз.
— Әр компанияда жағдай әртүрлі: бір жерде ұйымдық құрылым қайта қаралады, бір жерде нақты қысқарту болады. Сондықтан өтемақыға қатысты қазір нақты жауап бере алмаймын, барлық нюанстарды толық білмеймін, — деді Жақыпов.
Қысқарту «Самұрық-Қазына» тобына кіретін барлық компанияларда жүргізіледі.
Контекст
Бұған дейін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компанияларда нақты жұмыс атқармайтын қызметкерлердің тым көп екенін сынға алған болатын.
— Сол жағалауда отыратын, «левобережный» деп аталатын адамдар бар. Олар аз емес. Түскі уақытта қонақүйлерде отырып, әңгіме-дүкен құрады, шай, кофе ішеді, — деген еді президент.
Осы сыннан кейін ұлттық компаниялардағы басқару аппаратын оңтайландыру мәселесі күн тәртібіне шықты.