ҚҚС көтерілгеннен кейін бюджетке қанша салық түсті

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар–ақпан айларында бюджетке жоспарланғаннан көп салық түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

1 наурыздағы жағдай бойынша жоспар 113,7%-ға орындалған. Бюджетке 2 979 млрд теңге түскен, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 677,5 млрд теңгеге көп. Өсім 129,4%. Негізгі өсімді екі салық түрі қамтамасыз еткен – корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы (ҚҚС). Корпоративтік табыс салығы бойынша түсімдер 118 млрд теңгеге артқан (өткен жылмен салыстырғанда 116,9%). ҚҚС бойынша өсім 428,6 млрд теңге болып, 138,8%-ға жеткені есептен көрінеді.

– Бұған дейін ақпараттық кеңістікте 2026 жылғы қаңтар айының деректеріне сүйенген сараптамалық бағалар айтылған еді. Алайда мұндай қорытындылар нақты жағдайды көрсетпеді, себебі 2025 жылдың төртінші тоқсанына қатысты бірқатар негізгі төлемдердің мерзімі 2026 жылғы 25 ақпанға сәйкес келді. Мәселен, ҚҚС бойынша жоспар 1 281 млрд теңге болғанымен, нақты түсім 1 534,5 млрд теңге, – деп комитетте бөле-жара атап өтті.

ТАЯҚТЫҢ ЕКІНШІ ҰШЫ

Бұған дейін қаржы сарапшысы Арман Батаев дамушы елдерде ҚҚС-ты жиі «кедейлікке салынатын үстеме ақы» деп атайтынын айтқан. Себебі бұл салық тұтынудың дерлік барлық түрінен – азық-түліктен, дәрі-дәрмектен бастап коммуналдық қызметтерге дейін алынады.

– Кедей отбасылар іс жүзінде барлық табысынан, тіпті несиеге алынған қаражаттан да ҚҚС төлейді.

Ал ауқатты азаматтар табысының бір бөлігін жинақтап немесе инвестициялап, ол қаражат ҚҚС-қа ілінбейді.

ҚҚС

Еске салайық, Қазақстанда ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін көтерілді. Реформа сыншылары бюджет кірісінің артуы көбіне халықтың күнделікті шығындарына түсетін жүктеменің өсуі есебінен қамтамасыз етіліп отыр деп есептейді. Нәтижесінде бюджетке расында да көбірек қаржы түсуде.