Ұлттық экономика министрі - вице-премьер Серік Жұманғарин Мәжіліс кулуарында журналистердің Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер туралы сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Вице-премьерден Салық кодексіне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр ма және бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр ма деген сұрақ қойылды.
— Иә, біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Шешім қабылдаудың арнайы тәсілі бар: белгілі бір мәселелер бойынша жауап беру мерзімі белгіленеді. Егер сол уақыт ішінде нақты жауап бере алмасақ, демек мәселе жүйелі сипатта деген сөз. Мұндай мәселелер Салық кодексіне өзгерістер енгізуге қатысты жұмыс тобының талқылауына жіберілетін арнайы тізімге енгізіледі.
Бұл – жыл сайын жиналатын тұрақты жұмыс тобы. Өзгерістерді, бәлкім, осы жылдың соңына қарай көреміз. Мүмкін олар келесі жылы күшіне енер. Жасыратыны жоқ, енгізу қажет деп шешім қабылданған ұсыныстар өте көп. Кейбір тұстарда Бюджет кодексі мен Салық кодексі арасында сәйкессіздіктер болды. Жалпы жағдай жұмыс тәртібінде жүріп жатыр. Жобалық офис те тұрақты түрде жиналып отырады, — деді Жұманғарин.
САЛЫҚ РЕФОРМАСЫ
2025 жыл Қазақстан үшін салық тартыстарының жылы болды. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі жүздеген түзетулермен толықтырылып, бизнес өкілдерінің наразылығына және билік дәліздерінде қызу пікірталасқа себеп болды. Бұл – соңғы жылдардағы ең көп талқыланған әрі алаңдаушылық тудырған реформалардың бірі. Кәсіпкерлер мен сарапшылар жаңа салық ережелері Қазақстандағы шағын бизнестің одан әрі жұмыс істеуіне қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып отыр.