Әділет министрлігі консорциумдармен даудың қашан аяқталатынын айта алмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Министр Ерлан Сәрсембаев даулар аясында болып жатқан оқиғаларға жасырын келген ақпаратты жариялай алмайтынын жеткізді.
- Айтылған ақпарат тек сот аясында жариялауға мүмкіндігіміз бар. Оны сырттан, соттан тыс жариялауға не бағалауға мүмкіндігіміз жоқ. Бұл іс бойынша жалпы 20 шақты сот жүріп жатыр. Олардың бәрі бақылауымызда. Істің қаншаға созылатыны бізге байланысты емес. Тек сот шешеді. Бәрі халықаралық деңгейде тұрған ұйымдар, – дейді министр.
КОНТЕКСТ
Қазақстан үкіметі бірқатар ірі шетелдік мұнай-газ консорциумдарымен халықаралық арбитражда дауласуда. Әңгіме елдегі ірі кен орындарын игеріп жатқан консорциумдардың Қазақстанға төлеуі тиіс төлемдері, экологиялық талаптардың орындалуы және өндірістік шығындарды өтеу мәселелері туралы болып отыр.
Бұған дейін Қазақстан тарапы инвесторларға қатысты бірнеше талап қойып, даулар халықаралық арбитраждық соттардың қарауына жіберілген. Мұндай істер әдетте бірнеше жылға созылады, себебі оған ірі компаниялар, мемлекетаралық келісімдер және миллиардтаған долларлық талаптар қатысады.