Таяу Шығыс елдерінде әлі қанша қазақстандық бар

Сырым Қаржас
gov.kz

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Таяу Шығыс елдерінен қазақстандықтарды эвакуациялау туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Эвакуация қалай жүріп жатыр?

Жетібаевтың айтуынша, СІМ азаматтарды эвакуациялау процесінің күрделі екенін ескеріп, шетелдегі қазақстандықтарды түсіністік танытып, дипломатиялық мекемелер қызметкерлеріне барынша қолдау көрсетуге шақырды.

Оның сөзінше, эвакуация тізімін қалыптастыру кезінде ең алдымен зейнеткерлерге, ата-анасымен бірге жүрген балаларға, жүкті әйелдерге, кәмелетке толмағандарға және денсаулығында шектеуі бар адамдарға басымдық беріледі.

Қанша қазақстандық бар?

СІМ мәліметінше, қазіргі уақытта:

  • Иранда – 47,

  • Израильде – 163,

  • Катарда – 3000-нан астам,

  • Біріккен Араб Әмірліктерінде – 4000-нан астам,

  • Сауд Арабиясында – шамамен 1800 қазақстандық бар.

— Бұл елдердегі азаматтармен байланыс арналары бар. Біз олармен тұрақты байланыстамыз және жағдайдың дамуына қарай қажетті ұсынымдар беріп отырмыз, — деді Жетібаев.

Қазақстанға оралғандар

Ресми өкілдің айтуынша, қазірге дейін қақтығыс аймағынан 946 қазақстандық эвакуацияланған.

Жақын уақытта Маскаттан Алматыға бортында 314 азамат бар ұшақ келеді. Кейін дәл осы бағытпен шамамен 230 адамнан тұратын екінші топ ұшып шығуы жоспарланған.

— Осылайша, Оманнан Қазақстанға 500-ден астам азамат оралады деп күтілуде, — деді ол.

Сонымен қатар, бүгін Джидда – Атырау және Джидда – Ақтау бағыттары бойынша эвакуациялық рейстер жоспарланған. Бұл рейстермен Қазақстанға 326 азамат жеткізіледі.

Құрлық арқылы эвакуация

Жетібаевтың айтуынша, эвакуация тек әуе жолымен ғана емес, құрлық арқылы да жүргізіліп жатыр.

Мәселен, Тегеран, Ашхабад және Горган қалаларындағы қазақстандық дипломатиялық өкілдіктердің көмегімен 15 азамат Иран–Түрікменстан шекарасы арқылы шығарылған.