Сот Иаков Воронцовты қамауда қалдырды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Апелляциялық сот бұрынғы дін қызметшісі Иаков Воронцовты қамауда қалдырды. Қорғау тарапы соттан оны үйқамаққа ауыстырыуды сұраған. Алайда сот алқасы өтінішті қанағаттандырмаған.
Адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, Воронцовқа «Есірткі притонын ұстау» (302-бап) және «Есірткіні өткізу мақсатынсыз сақтау» (296-бап) бойынша айып тағылған.
Контекст
Воронцов 13 ақпанға қараған түні ұсталған. Алматының әкімшілік соты оны «есірткі заттарын медициналық мақсаттан тыс пайдаланғаны үшін» кінәлі деп танып, 10 тәулікке қамаған.
Сол кезде полиция «есірткі притонын ұйымдастыру» фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған.
Иаков Воронцов тағылған айыппен келіспейді. Ол абақтыдан жазған хатында тағылған айып пен өзінің қамалуын саяси ұстанымымен байланыстырған.
«Менің үйімде ешқашан да, еш уақытта да қандай да бір притон болған емес. Маған рухани жұбаныш пен ізгі сөз іздеп әртүрлі адамдар келетін. Олар әңгімелесу, бірге дұға ету үшін, менің пікірлес, сенімдес жандарым ретінде келетін. Үйімнен табылды делінген ұнтақ маған тиесілі емес. Менің ойымша, ол әдейі тасталған. Мұның бәрі — мені жазалау және абыройымды түсіру мақсатында жасалған әрекет», — деген ол хатында.
Воронцов бұған дейін де ашық саяси мәлімдемелерінен кейін қудалауға ұшыраған. Атап айтқанда, ол Ресейдің Украинаға басып кіруін сынға алып, Қазақстанда тәуелсіз православ шіркеуін құру бастамасын көтерген болатын.