Салық режимін таңдаудан кешігіп қалған кәсіпкерлер қайта өтініш бере алады

Рая Минап
Ulysmedia коллажы

Салық режимін таңдаудан кешігіп қалған кәсіпкерлер қайта өтініш бере алады. Бұл туралы Арнаулы салық режимін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынберген мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ерқанат Шынбергенның айтуынша, жаңа жылдан бастап қазақстандықтарға екі ай мерзім ішінде салық режимін таңдауға мүмкіндік берілген болатын.

«Жаңа жылдан бастап салық кодексі күшіне енді. Салық төлеушілерге 2026 жылғы 1 қаңтардан 1 наурызға дейін екі ай мерзімде тиісті салық режимін таңдауға уақыт берілген болатын. Егер оңайлатылған декларация негізіндегі салық режимінде қалғысы келсе, салық төлеуші екі ай ішінде міндетті түрде хабарлама жіберуі тиіс болатын. Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерге тиісті хабарландырулар жіберіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 1200-ге жуық салық төлеуші оңайлатылған декларация негізіндегі салық режимін қабылдады, бір тобы басқа режимге өтті», - дейді ол.

Басқарма басшысы екі айда үлгермей қалғандар да бар екенін айтты.

«200 мыңнан астам салық төлеуші қай салық режиміне өтетінін хабарлаған жоқ. Оның ішінде біріншіден қызметін жүргізбей жатқан азаматтар бар, екіншіден жалпыға бірдей режимге өтуді күтіп отырғандар болды. Егер кәсіпкер оңайлатылған декларация негізіндегі режимге өткісі келсе, олардың өту күні хабарлама берген күн болып саналады. Мысалы, 5 наурызда өтініш берсе, осы күннен бастап сол режимді қолданатын болып есептеледі. Осындай механизм бар, сондықтан әлі де режимді ауыстыруға мүмкіндік бар», - деді ол.

Сондай-ақ ол  65 мың тұлғаның өзін-өзі жұмыспен қамтушы режиміне автоматты түрде ауыстырылатынын айтты. 

«Бұрын патент және мобилді қосымша негізіндегі режимді қолданып келгендер болды. Олар қазір өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимімен жұмыс істеп жатыр. Бұл санатта 65 мың тұлға бар. Оларға кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ, жеке тұлға ретінде жұмыс істей беруге болады. Салық кодексі аясында оларды автоматты түрде тіркеуден шешіп, автоматты түрде өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға ауыстырамыз», - дейді Ерқанат Шынберген.

БҰҒАН ДЕЙІН

Өзін-өзі жұмыспен қамту заңды болатыны туралы жазған едік.