Нұрлан Сабуров 50 жылдық тыйымды сот арқылы шешуі мүмкін

Сырым Қаржас
Видео кадры

Қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабуровтың Ресейге кіруге қойылған 50 жылдық тыйымды сот арқылы даулауға үш айға дейін уақыты бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Елена Ермохинаның айтуынша, алдымен әзілкеш Ресей ІІМ-іне сотқа дейінгі шағым түсіруі тиіс. Одан кейін ғана сотқа әкімшілік талап-арыз бере алады.

Алайда заңгердің бағалауынша, Сабуров үшін оң шешім қабылдану ықтималдығы төмен — шамамен 20%. Себебі Ресейдің Жоғарғы соты ұлттық қауіпсіздікке қатысты істерді қатаң қарайды.

Сонымен қатар, Ермохина Ресейге кіруге қойылған тыйымды тек белгілі бір жағдайларда ғана жою мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, егер процессуалдық заңбұзушылықтар дәлелденсе немесе «жағдай өзгергені» анықталса, шешім қайта қаралуы мүмкін.

Заңгердің пікірінше, қорғау тарапы комиктің «адалдығын» дәлел ретінде көрсетуі мүмкін. Алайда бұл жерде Украинадағы соғысқа қатысты ұстанымы немесе Ресей билігіне көзқарасы меңзеліп отырғаны нақты айтылмаған.

- Сот процесін бастау үшін алдымен Ресей ІІМ-інің Көші-қон мәселелері жөніндегі бас басқармасына сотқа дейінгі шағым беру қажет. Одан кейін үш ай ішінде Ресейдің Әкімшілік сот ісін жүргізу кодексінің 219-бабына сүйене отырып, аудандық сотқа әкімшілік талап-арыз беруге болады, – деді Ермохина РИА Новости агенттігіне берген сұқбатында.

ҰҚК ТЕКСЕРІСІ

Сабуровқа қатысты Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті тексеру жүргізе бастаған болатын. Бұған оның қатысуымен тараған бейнежазба себеп болған. Видеода комик «Легион Вагнера Истра» деп аталатын құрылымға 10 эндуро мотоциклін сыйға беріп, жауынгерлерге «жеңіспен оралыңдар» деп тілектестік білдіреді.