Қазақстанда 1242 елді мекенде су тасқыны болуы мүмкін

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов ТЖМ жедел штабы 1 наурыздан бастап гидрологиялық жағдай мен су тасқыны қаупі бар аумақтардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізе отырып, тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын баяндады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Еліміз бойынша су тасқыны болуы мүмкін 1242 елді мекен анықталды. Су тасқыны кезеңінде ықтимал төтенше жағдайларды жою және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жалпы саны 39 мың адамнан асатын азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының республикалық және өңірлік топтары құрылған, сондай-ақ 18 мыңнан астам техника мен арнайы құралдар дайындалды.

Барлық қызметтер жоғары жауынгерлік дайындық режиміне келтірілді. Министр ахуал күрделенген жағдайда қажетті шешімдер дереу қабылданады деп сендірді.

ТЕХНИКА

Президенттің тапсырмасы бойынша өткен жылы ТЖМ-ның материалдық-техникалық базасы едәуір нығайтылды, 842 бірлік арнайы техника, 27 қайық пен катер, 4 ұшақ және тағы да басқалар сатып алынды. 830 шақырымнан астам қорғаныс бөгеттері мен бөгендер тұрғызылды, 1128 шақырым дренаж жүйелері, каналдар мен арықтар жөнделді және жаңадан салынды, автомобиль мен теміржол бойларында 934 су өткізу нысандары жаңадан орнатылды және ескісі ауыстырылды. Су тасқыны қаупі бар өзендердің телімдерінде шамамен 166 шақырым жерін тереңдету, 255 шақырым жағалауын нығайту, 221 шақырым жерін тегістеу және 172 шақырым арнасын тазарту жұмыстары жүргізілді.