Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қалдырды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қалдырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім болжам раундының нәтижесіне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағалауы мен инфляция тәуекелдерінің теңгеріміне сүйене отырып қабылданды. 

Жылдық инфляция 2026 жылғы ақпанда болжамдарға сай келіп, 11,7%-ға дейін төмендеді (қаңтарда – 12,2%). Инфляцияның барлық компоненті қарқынның төмендеп келе жатқанын көрсетіп отыр. Азық-түлік тауарлары бойынша бағаның өсуі 12,7% (12,9%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша – 11,6% (11,7%), ақылы қызметтер бойынша – 10,8% (12%) болды.

Дезинфляцияға ұстамды қатаң ақша-кредит шарттары, теңге бағамының нығаюы, кепілсіз тұтынушылық кредиттеудің баяулауы, ЕТРТ-ні кезең-кезеңімен арттыру және теңестіру операциялары арқылы артық өтімділікті қысқарту, сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық Банктің инфляцияға қарсы бірлескен кешенді шараларын іске асыру ықпал етеді. Сонымен қатар инфляцияның төмендеуіне ТКҚ және ЖЖМ бағасын көтеруге қойылған мораторий де үлес қосады. ҚҚС мөлшерлемесін арттырудың инфляция динамикасына әсері шектеулі ретінде бағаланады.

Дегенмен, айлық инфляция 2026 жылғы ақпанда жеделдеп, 1,1%-ды құрады. Базалық инфляция ақпанда 0,8% болды.

Халықтың алдағы бір жылға инфляциялық күтулері төмендеді (ақпанда – 13,7%), бірақ жоғары әрі құбылмалы. Нарыққа кәсіби қатысушылардың 2026 жылға инфляция бойынша ақпандағы күтулері 10,0%-ға дейін төмендеді (қаңтарда – 10,8%).

Азық-түліктің әлемдік бағасы баяулап келеді. Сүт өнімдері мен қант бағасының төмендеуі сақталып отыр. Дәнді дақылдар мен өсімдік майының әлемдік бағасы өскені байқалды.