Қырғызстан жезөкшелік ұйымдастырды деген айыппен сотталған Даниэль Ажиевке рақымшылық жасалған. Алайда бостандыққа шыққаннан кейін ол колониядан тікұшақпен кетіп, келесі күні қайтадан құқық қорғау органдарының қолына түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Неге сотталған және қалай босатылды?
Ажиев ірі вебкам-студиялар желісінің иесі ретінде белгілі. 2024 жылдың күзінде сот оны бірнеше қылмыстық бап бойынша кінәлі деп таныды. Атап айтқанда, жезөкшелік пен азғындыққа жағдай жасау, порнографиялық материалдарды тарату, ұйымдасқан топ құру және қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастыру айыптары тағылған.
Биыл қаңтардың басында сотталған азаматтың анасы президент Садыр Жапаровтан ұлын рақымшылықпен босатуды сұраған. Президент бұл өтінішті қанағаттандырған.
Алайда колониядан шыққаннан кейін Ажиев күтпеген жерден тікұшақпен ұшып кеткен. Тікұшақ Байтик ауылына қонып, Ажиевті алып, ұшып кеткен. Билік өкілдерінің мәліметінше, тікұшақты Ажиевтің өзі емес, белгісіз адам жалға алған. Ол Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігінен әуе кемесін жалға алып, пилоттан ауылдан бір адамды алып кетуді сұраған.
Әлеуметтік желілерде Ажиевтің жанында Қырғызстанның Жазаларды орындау мемлекеттік қызметі басшысының орынбасары Нұрлан Сарчаев болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Алайда ведомство бұл мәліметті үзілді-кесілді жоққа шығарды.
Президент: «Тікұшақты кері қайтарыңдар»
Бұл жағдай көп ұзамай Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа да жеткен. Президент тікұшақпен ұшып кеткенін естігенде қатты таңғалғанын айтты.
– Біз оны расында рақымшылықпен босаттық. Маған Ажиевтің анасы жүгінді. WhatsApp-тағы нөмірімді қайдан алғанын білмеймін, бірақ ол маған бейнехабарлама жолдады. “Келінім төрт баламен қиын жағдайда отыр, бір баласы мүгедек, материалдық жағдайымыз нашарлап кетті. Ұлымды кешіріп, босатуыңызды сұраймын. Ол бұдан былай дұрыс өмір сүріп, тыныш жүреді, мен оған кепіл боламын” деді. Ал ұлы сол кезде түрмеден тікұшақ жалға алып жатқан. Мұны естігенде мені алдап кеткен сияқты көрінді, – деді Жапаров.
Президенттің айтуынша, бұл жағдайға Төтенше жағдайлар министрлігінің қатысы жоқ. Себебі тікұшақтар коммерциялық рейстерге де беріледі және тапсырыс кезінде тек ұшу орны, уақыты мен жолаушылар саны ғана көрсетіледі.
Қайта ұсталды
Алайда оқиға мұнымен аяқталған жоқ. 6 наурыз күні Ажиев қайтадан ұсталды. Ол Тоқмақ қаласында қолға түскен.
Kaktus.media дерегінше, ол сол жерде достарымен бірге демалып жүрген. Тінту кезінде алдын ала мәлімет бойынша оның жанынан есірткі табылған. Алайда ресми түрде ұсталу себебі әлі жарияланған жоқ.