Әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысындағы Боранқұл ауылындағы теміржол станциясында түсірілген видео тарады. Кадрларда платформаларға тиелген танктер мен әскери жүк көліктері бар жүк пойызы көрінеді. Видео желіде тез таралып, өңір тұрғындарының сұрақтарын туғызды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қорғаныс министрлігі не дейді
Қорғаныс министрлігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, ешқандай төтенше жағдай жоқ екенін мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, әскери техника артиллериялық бөлімшелердің оқу-жаттығу шараларын өткізу үшін полигондардың біріне жеткізіліп жатыр.
– Аталған техника қозғалысы жауынгерлік дайындық жоспары аясында жүзеге асырылып жатыр. Мұндай тасымалдар далалық сабақтар мен оқу жиындарын ұйымдастыру кезінде қалыпты нәрсе болып саналады, – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі Lada.kz редакциясына.
Министрлік тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды.