Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоры ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың мәйітін тексеру нәтижелері көрсетілген құжаттың бір бөлігін жариялады. Сараптаманы 2024 жылы Ресей Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты сот-медициналық сараптама орталығы жүргізген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
DW мәліметінше, ФБК-ның халықаралық бөлімінің басшысы Мария Певчих бұл құжаттың жариялануын кейбір БАҚ аталған материалдарды «сенсация» ретінде таратпақ болғанымен түсіндірген. Оның айтуынша, бұл құжат шамамен 1,5 жылдан бері қордың қолында болған және оны, соның ішінде, шетелдік мамандар да зерттеген.
Певчих толық есеп шамамен 300 беттен тұратынын, онда ішкі органдардың жағдайы егжей-тегжейлі сипатталғанын айтты. Сол себепті құжатты толық көлемде жариялау, оның пікірінше, этикалық нормаларға қайшы келеді.
Саясаткердің отбасының келісімімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоры құжаттың тек бір бөлігін – жүргізілген зерттеулер тізімі мен сараптаманың негізгі қорытындыларын ғана жариялауға шешім қабылдаған.
Жарияланған материалдарға сәйкес, Навальныйдың ағзасынан атропин және әдетте жәндіктерден қорғануға арналған репеллент ретінде қолданылатын диэтилтолуамид заты табылған.
Ресми қорытындыда өлімнің себебі бірнеше аурудың жиынтығы деп көрсетілген. Олардың қатарында гипертония, қан тамырлары мен жүрек зақымдануы, сондай-ақ ми мен өкпенің ісінуі аталады.
Певчих ресейлік сараптама қорытындылары шетелдік зертханалардың нәтижелерімен сәйкес келмейтінін айтты. Оның сөзінше, шетелдік зерттеулер саясаткердің улануы мүмкін екенін көрсеткен. Ол ресейлік сарапшылардың қорытындысы табиғи өлім нұсқасын растау үшін арнайы дайындалуы мүмкін екенін алға тартты.
КОНТЕКСТ
Алексей Навальный 2024 жылғы 16 ақпанда Ямало-Ненец автономиялық округіндегі Харп кентінде орналасқан «Полярный волк» түзету колониясында қайтыс болды. Оның өлімінің мән-жайы бойынша Ресейде әлі күнге дейін тәуелсіз тергеу жүргізілген жоқ.