«Қысым бар»: Ақтөбелік теміржолшылар араша сұрады

Ulysmedia
ulysmedia.kz коллажы

«Жолаушылар тасымалы» АҚ Батыс аймақтық филиалы экипировка цехының екі бірдей қызметкері мекемеге тексеріс жүргізуді талап етті.  Олар басшылық тарапынан жиі қысым көретінін айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Теміржолшы келіншектерге қысым жасалып жатқаны туралы видео әлеуметтік желіде тарады. Видео авторы Қуаныш Жеткергенов өндіріс орнына барып видео түсірген. Видеода қызметкерлердің кестеден тыс, міндеттемеге кірмейтін жұмысқа тартылатыны айтылады.

«7 наурызда лақтырып берген сыйлығын қайтардым. Соны жақтырмай «Формаң қайда?» деп менің шалбарыма тиісті. «Үстіңнен акт жазамын» деп қорқытты. Бұл бірінші рет емес. Бірнеше рет болды. Қарсы сөйлесең қысым көресің. Біз жұмыстан шаршамаймыз. Моральдық, артымыздан түскен қысымнан шаршаймыз. Қысымға алып жатқан директордың досы», – деді теміржолшы Аягөз Күкебаева.

Ол жолаушылар тасымалы қызметінде 2018 жылдан бері экипировщик болып істейді. Ол сол күні  арнайы форманың үстіңгі бөлігін киген.

Екінші қызметкер де басшылық тарапынан субординация сақталмайтынына шағымданды.

«Мені еңбек демалысына шағарған жоқ. Өзіме тиесілі еңбек демалысын алған жоқпын. Бізге ерегесіп отыр. Басшымыз Айтуған Баешовтың үстінен тексеру жүргізілсін», – деді теміржолшы Нұрзат Ерханаева.

Желіде тараған видео авторы вагондарға дизель отынын құю кезінде қауіпсіздік талаптары сақталмай, отын қараусыз қалғанын көрсеткен. Теміржолшының айтуынша, мұндай келеңсіздіктер үшін жауапкершілік көбіне қарапайым жұмысшыларға жүктеледі.

«Айта берсең былық көп. Өкінішке орай, сол былықтарды қара жұмысшының мойнына ілгенді жақсы көреді. Неге? Себебі жұмысшыға ілсең ол үндемей, сүмеңдеп жұмыстан шығып кетеді. Мұны тоқтататын уақыт келді. Құрметті «Жолаушылар тасымалы» АҚ компаниясы бәрін тексеріңіздер», – деді блогер Қуаныш Жеткергенов.

Компания жауабы

«Жолаушылар тасымалы» АҚ ақтөбелік блогер көтерген мәселеге қатысты тексеру жүріп жатқанын хабарлады.

«Қызметтік тексеру барысында жолаушылар вагондарын экипировкалау цехының қызметкері Күкебаева А. жоспарлы жиналысқа формалық арнайы жұмыс киімінсіз келгені анықталды. Цех шебері Баешов А. оған белгіленген талаптарға сәйкес формалық киімді кию қажеттігі туралы ескерту жасаған.

Алайда ескертуге жауап ретінде Күкебаева А. эмоциялық түрде реакция білдіріп, формалық арнайы киімді киюден бас тартқан. Жоспарлы жиналыс аяқталғаннан кейін ол блогерді шақырған. Ол өндірістік учаске аумағына келіп, тиісті келісімсіз бейнетүсірілім жүргізген», – деп хабарлайды «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның баспасөз қызметі.

Компания Күкебаеваға 2023 жылы 22 желтоқсанда сигналдық жилет, жылы етік, төмен температура жағдайында жұмыс істеуге арналған костюм және қолғап берілгенін хабарлайды. Онда  арнайы форманың пайдалану мерзімі 30 ай деп көрсетілген.

Қазіргі филиал басшылығы қызметкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқаны хабарланды. Қысым көрсетуші қызметкердің директордың группаласы деген ақпараттың қосымша тексерілетіні айтылды.

Автор Ардақ Ерубаева