АҚШ барлау қызметі Иран әскери күштері Ормуз бұғазына миналар орнатуға кіріскен болуы мүмкін деген белгілерді тіркеді. Бұл туралы CBS News арнасының Ақ үйдегі тілшісі Дженнифер Джейкобс ұлттық қауіпсіздік мәселелерін жазатын журналист Джим ЛаПорттың мәліметіне сүйене отырып хабарлады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Дереккөздердің айтуынша, Иран миналарды орналастыру үшін шағын кемелерді пайдалануы мүмкін. Әр кеме шамамен 2–3 теңіз минасын тасымалдауға қабілетті.
Иранның мұндай қарудан нақты қанша қоры бар екені белгісіз. Алайда әр жылдары сарапшылардың бағалауынша, бұл көрсеткіш 2 мыңнан 6 мыңға дейін жетуі мүмкін.
Ормуз бұғазының миналануы мүмкін екені туралы CNN телеарнасының дереккөздері де барлау мәліметтеріне сүйене отырып хабарлаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп та бұл ақпаратқа пікір білдірді. Оның айтуынша, егер Иран шынымен бұғазға миналар орнатып жатса, оларды дереу алып тастауы керек. Әйтпесе, Трамптың сөзінше, Иранды «бұған дейін болмаған әскери салдар» күтуі мүмкін.
КОНТЕКСТ
Ормуз бұғазы әлемдегі мұнай саудасының негізгі бағыттарының бірі саналады. Сарапшылардың мәліметінше, әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен 20–25 пайызы дәл осы бұғаз арқылы өтеді.