Қырғызстанда жаңа министр бұрын пара алғаны анықталып, қызметінен кетті

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрі Урматбек Шамырканов қызметке тағайындалғанына небәрі 40 күн өткенде жұмыстан босатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Министрге қатысты істі Әскери прокуратура қозғаған. Шамырканов министр болмай тұрып, яғни министрдің орынбасары болып жүрген кезінде пара алғаны белгілі болған.

Президенттің баспасөз хатшысы Аскат Алагозовтың айтуынша, бұл оқиға 2025 жылдың жазында басталған. Сол кезде Шамырканов бір қызметкерді қызметте жоғарылату үшін одан ақша талап еткен. Параның бір бөлігі оның электронды әмиянына аударылған.

Кейін Шамырканов министр болып тағайындалған соң әлгі қызметкер параның қалған бөлігін бере алмайтынын айтқан. Осыдан кейін министр оны Баткен облысына жұмысқа жіберген.

КОНТЕКСТ

Бұған наразы болған Баткен облысына жіберілген қызметкер Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа шағым жазған.

Президент Бас прокуратураға бұл жағдайды тексеруді тапсырған. Тексеру барысында айтылған деректер расталған.

Содан кейін мемлекет басшысы Урматбек Шамыркановты қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Ал Әскери прокуратура бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғады.