Американың Forbes журналы әлемдегі ең бай адамдардың тізімін жариялады. Биылғы тізімге Қазақстаннан сегіз адам енген, деп хабарлайды Ulysmedia.
ТІЗІМГЕ ЖАҢАДАН ҚОСЫЛҒАН ҚОС МИЛЛИАРДЕР
Биыл Forbes жариялаған миллиардерлер тізімінен Қазақстаннан жаңадан екі адам қосылған. Олардың бірі – Astana Group автомобиль компаниясының иесі Нұрлан Смағұлов болса, екіншісі – BI Group құрылыс холдингінің акционері Айдын Рахымбаев. Басылым Смағұловтың байлығын 1,3 миллиард долларға, Рахымбаевтікін 1,1 миллиард долларға бағалаған.
Нұрлан Смағұлов Astana Group компаниясынан бөлек, Алматы мен Астанадағы «Mega» сауда-ойын-сауық орталықтарының да иесі.
Миллиардер байлығымен қатар, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен болған диалогымен де танымал. 2014 жылы Астанадағы «Mega» орталығының жобасын сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырған кезде ол Смағұловтан нысан атауындағы «Mega» сөзін қолданбай ақ қоюға болмай ма деп сұраған. Оған кәсіпкер онда нысанды «Нұр-плаза» деп атайық деген. Сол сәтте Назарбаев басын шайқап: «Осылай жағынуды қайдан үйрендің?» деп сұраған. Смағұлов «Өмір үйретті» деп жауап берген. Кейіннен оның бұл сөзі мемге айналып кеткен. Айте кететін бір жайт, Назарбаев президент болып тұрғанда елде «нұр» сөзімен байланысты атаулар «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай» қаптаған.
Айдын Рахымбаев иелік ететін BI Group құрылыс холдингі Қазақстанда ғана емес, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері және Өзбекстанда да девелоперлік жобалармен айналысады.
Forbes журналы BI Group-ты Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығындағы ең ірі жекеменшік компания деп атаған.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАЙЛАРДЫҢ ІШІНДЕ ЕҢ БАЙЫ КІМ?
Forbes тізіміне енген қазақстандық миллиардерлердің ішінде ең байы Kaspi финтех компаниясының тең құрылтайшысы әрі иелерінің бірі, директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким.
56 жастағы Кимнің байлығын 7,8 миллиард доллар. Бір жыл ішінде оның капиталы 700 миллион долларға өсіп, әлемдік рейтингте 477-орынға жайғасқан.
Былтыр Ким First Heartland Jusan Bank банкінің акциясын түгелдей сатып алған. Кейіннен атауын Alatau City Bank деп өзгерткен. Бұдан бөлек, миллиардер Magnum Cash&Carry бөлшек сауда супермаркеттер желісінің бенефициары. 2025 жылдан бері Alatau City Bank Қазақстан футбол федерациясының бас демеушісі және премьер-лигасының титулдық серіктесі.
Вячеслав Кимнің бизнес-серіктесі, Kaspi компаниясы басқармасының төрағасы Михаил Ломтадзе былтыр Қазақстаннан шыққан миллиардерлер тізіміне енгізілген болатын. Бірақ биыл Forbes тізіміне ол Грузиядан шыққан миллиардер ретінде көрсетілген. Қазір оның байлығы 6 миллиард долларға жеткен – былтырғымен салыстырғанда 100 миллион долларға көбейген.
Ломтадзе былтыр қарашада Астананың «Жеңіс» футбол клубын сатып алған. 2024 жылы Ұлыбританияның «Уиком Уондерерс» футбол клубының 90 пайызын сатып алған.
2025 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында Қазақстандағы футбол клубтарын жекешелендіру жұмыстарын тездету керектігін айтқан болатын. Осыдан кейін бірнеше клуб жекеменшікке сатылған. Олардың қатарында «Ақтөбе», «Тобыл», «Ордабасы» сияқты клубтар бар.
ТІЗІМГЕ ТАҒЫ ДА ЕНГЕНДЕР
Forbes тізіміне экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара мен күйеу баласы Тимур Құлыбаев тағы да еніпті. Олар Қазақстандағы ең ірі коммерциялық банк Halyk Bank-тің бақылау пакетіне ие. Басылымның бағалауынша, олардың байлығы 800 миллион долларға өсып, 10,8 миллиард доллардан асып жығылған.
Назарбаевтың тұсында президент іс басқармасын басқарған Болат Өтемұратовтың биыл Forbes тізіміндегі позициясы едәуір жақсарған. 68 жастағы миллиардердің байлығы 5,4 миллиард долларға бағаланған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 1,7 миллиард долларға артық. Өтемұратов бір жыл ішінде әлемдегі ең бай адамдар тізімінде 989-орыннан 780-орынға бірақ секірген.
Болат Өтемұратов былтыр еуропалық Home Credit Bank қаржы құрылымынан ForteBank-ті сатып алған, содан кейін ForteBank-тің нарықтағы капитализациясы үш есе өскен.
Бұдан бөлек, Өтемұратовтың телекоммуникация саласында (Қазақстандағы Beeline сауда маркасына ие "КаР-Тел" операторы), Астанадағы Ritz-Carlton қонақүйі, Мәскеудегі The Carlton, Ақмола облысындағы Rixos Borovoe қонақүйі сияқты активтері бар. Сонымен бірге ол Narxoz университетінің иесі және өз атындағы қордың құрылтайшысы. Осы қор арқылы Астанада және Алматыда орналасқан Haileybury жеке мектептеріне де қатысы бар.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысы бар 65 жастағы Владимир Ким биыл тағы миллиардерлер тізіміне енген. Forbes оның байлығын 5,9 миллиард долларға бағалаған. Капиталы былтырғымен салыстырғанда 200 миллион долларға өскен.
Владимир Ким – KAZ Minerals Ltd тау-кен металлургиясы компаниясының акционері. Оған Абай облысындағы Ақтоғай және Павлодар облысындағы Бозшакөл ашық кен орындары, Шығыс Қазақстан облысындағы жер асты кеніштері, сондай-ақ Қырғызстандағы Бозымшақ алтын-мыс кен орны кіреді.
Владимир Кимнің Қазақстанның банк секторында да активтері бар. Ол –Bank RBK-ның мажоритар акционері.
БАЙЛЫҒЫ АЗАЙҒАН МИЛЛИАРДЕР
Биылғы Forbes тізіміне енген миллиардерлердің бірі – Тимур Турлов. Былтыр капиталы 75 пайызға өскен Турлов, биыл керсінше төменге түскен. Оның байлығын басылым 5,2 миллиард долларға бағалаған. Осылайша, миллиардердің байлығы бір жылда 600 миллион долларға азайған.
Тимур Турлов Қазақстан азаматтығын 2022 жылы алған. Оның иелігіндегі Freedom Holding Corp. компаниясы Фридом Финанс брокер компаниясын, Freedom Bank-ті, сақтандыру және финтех активтерін, e-commerce және туристік қызметтерді басқарады.
Кейінгі уақыттарда Турловтың аты медиадағы даулы оқиғаларда аталып жүр. 2025 жылдан бері оған тиесілі Freedom Finance компаниясы ҚазТАГ басылымымен соттасып жатыр.
ҚазТАГ агенттігі былтыр өзінің You Tube арнасында және сайтында Freedom Finance компаниясындағы «алаяқтық схемалардан зардап шеккендер» жайлы деп бірнеше видео мен мақала жариялаған. Агенттік іске қатысты барлық ақпараттардың дереккөзі «адвокат Светлана Оралбаева мен зардап шеккендер Гүлмира Исаева, Жанна Қапарова және Карина Гайфулина болып табылады» деген.
Freedom Finance компаниясы осы іске қатысты БАҚ-та тарап жатқан ақпараттарды дәлелсіз, бұрмаланған айыптаулар деп бағалап, полицияға шағымданған. Қазір ҚазТАГ-тың бас редакторы Әмір Қасенов қазір үйқамақта отыр, іс әлі тергеліп жатыр.
ӘЛЕМДЕ ҚАНША МИЛЛИАРДЕР БАР?
Forbes-тың биылғы тізіміне әлем бойынша 3428 миллиардер енген. Олардың жиынтық байлығы 20,1 триллион долларға жеткен. Ең көп миллиардерлер АҚШ-тан шыққан. Олардың саны 989 адам. Екінші орында 610 миллиардері бар Қытай. Үшінші орында Үндістан. Бұл елден 229 миллиардер басылым тізіміне енген.
ЖЕР БЕТІНДЕГІ ЕҢ БАЙ АДАМ
Ал әлемдегі ең бай адам америкалық Илон Маск. Оның капиталы 839 миллиард долларға жеткен.