Қытай билігі «Этностық бірлік пен прогресті ілгерілету туралы» жаңа заң қабылдауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Азаттық радиосының мәліметінше, Қытай парламенті бұл заңды екі оқылымда қолдаған. Енді осы аптада өтетін саяси жиын, бүкіл қытайлық жиналыста қабылдауды жоспарлап отыр.
Құжатта елде «жаңа мәдени орта қалыптастыру», қытай тілінің мәртебесін арттыру және балаларды ең алдымен мемлекеттік тілде оқыту сияқты талаптар қарастырылған. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама этностық азшылықтардың құқықтарына әсер етуі мүмкін.
Заң жобасында білім беру жүйесін негізінен қытай тілінде жүргізу, түрлі этностар арасындағы некені ынталандыру, сондай-ақ ата-аналардың балаларын коммунистік партияны құрметтеуге және «қытай ұлтын сүюге» тәрбиелеуі қажеттігі көрсетілген. Бұдан бөлек, «этностық бірлікке нұқсан келтіреді» деп танылған әрекеттерге тыйым салу да қарастырылған.
Контекст
Халықаралық ұйымдардың пікірінше, бұл заң әсіресе Шыңжаң мен Тибет өңірлеріндегі этностық азшылықтарға қысымды күшейтуі мүмкін. БҰҰ деректеріне сүйенсек, 2017 жылдан бері Шыңжаңда бір миллионнан астам ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылман халықтарының өкілдері «қайта тәрбиелеу лагерьлеріне» қамалған.
Ал ресми Пекин мұндай айыптауларды жоққа шығарған. Ұсынылып отырған заң елдегі тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға, сондай-ақ экстремизмнің алдын алуға бағытталған дейді.
Қытайда ресми түрде 56 этнос бар. Соның ішінде ұйғырлардың саны шамамен 11 миллионға жуық болса, қазақтардың саны 1,5 миллионнан асады.