АҚШ танкердегі Ресей мұнайына салынған санкцияны уақытша алды

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

АҚШ 11 сәуірге дейін кемелерге алдын ала тиеліп қойған ресейлік шикі мұнай мен мұнай өнімдерін сатуға уақытша рұқсат берді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Reuters агенттігінің жазуынша, Вашингтон теңізде жүрген ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін сатып алуға 30 күндік лицензия берген. АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент Х әлеуметтік желісінде бұл шешімнің «шектеулі әрі қысқа мерзімді шара» екенін айтты. Оның сөзінше, лицензия тек танкерлерге тиеліп қойған мұнайға ғана қатысты және Ресей үкіметіне айтарлықтай қаржылық пайда әкелмейді.

Контекст

Бұған дейін АҚШ-тың қаржы министрлігі Үндістанға Ресей мұнайын сатып алуға рұқсат берген еді. 

Осыдан бірнеше күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты мұнай саудасына енгізілген кейбір санкцияларды уақытша жеңілдетуі мүмкін екенін айтқан болатын. Алайда оның қай елдерге қатысты екені сол кезде нақтыланбаған еді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл шешімнің белгілі бір негізі бар. Иран, Израиль және АҚШ арасындағы қақтығыс салдарынан Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысы шектеліп, әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт өсті. Айта кетейік, дәл осы бұғаз арқылы әлемде өндірілетін мұнайдың шамамен бестен бірі тасымалданады.