Халықаралық қылмыстық сот Беларусь билігінің үстінен тергеу бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Reuters агенттігінің жазуынша, тергеу Литваның шағымы бойынша басталған. Беларусь билік өкілдерінің үстінен «адамзатқа қарсы қылмыс жасауы» дерегі бойынша тергеу басталған. Литва халықаралық қылмыстық соттың мүшесі.
Прокуратураның мәліметінше, Беларусь билігі жасауы мүмкін деп күдікке ілінген әрекеттердің бір бөлігі Литва аумағында орын алған. Тергеушілердің пайымдауынша, Беларусь билігінің іс-әрекеті өздерінің «нақты немесе болжамды қарсыластарына» қарсы бағытталған. Сондай-ақ бұл әрекеттердің ауқымы кең, жүйелі сипатқа ие болып, халыққа қарсы ұйымдастырылған шабуыл аясында жүзеге асқан болуы мүмкін.
Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановская бұл шешімді құптайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, режимнің саясаты салдарынан жүздеген мың Беларусь азаматы зардап шеккен әрі әлі де зардап шегіп келеді. Сонымен қатар Александр Лукашенко жүргізіп отырған саясат көрші елдердің қауіпсіздігіне де қатер төндіреді.
«Бұл шешім әділдік салтанат құрады деген үмітті арттырады. Кінәлілердің жауапқа тартылып, жәбірленушілердің ақиқат пен әділдікке қол жеткізетін күні туарына сенім бар», – деді ол.
Контекст
Meduza басылымының жазуынша, Беларуське қатысты тергеу бастау туралы талапты Литва 2024 жылы көтерген. Алайда Беларусь Халықаралық қылмыстық сотқа мүше болмағандықтан, сот бір жарым жыл бойы аталған әрекеттердің өз юрисдикциясына жататынын анықтаумен айналысқан.
2020 жылғы президент сайлауынан кейін Беларусьтен шамамен 500–600 мың адам шетелге кеткен. Олардың көпшілігі тек саяси көзқарасына байланысты ғана емес, күштік құрылымдардың қысымы мен қылмыстық қудалау қаупінен елден кетуге мәжбүр болған.