Референдум алдында «дайын» бюллетень таратылған ба?

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров алдын ала толтырылған бюллетеньдер таратылып жатыр деген жалған ақпараттың дер кезінде анықталғаны үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғыс айтты. Сондай-ақ ол мұндай жағдайдың іс жүзінде мүмкін еместігін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Басымызбен жауап береміз»

Орталық референдум комиссиясы әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпаратқа жедел әрекет еткені үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне және дипфейктерге қарсы іс-қимыл орталығына алғыс білдірді. Әңгіме Алматы тұрғынының әлеуметтік желіде қалада алдын ала толтырылған бюллетеньдер таратылып жатыр деген жазбасына қатысты болып отыр.

– Бұл өрескел заңбұзушылық болар еді. Оның үстіне мұндай жағдайдың болуы мүмкін емес, – деді Нұрлан Әбдіров.

Оның айтуынша, ешкімнің қандай да бір жерде дайын бюллетень таратуы мүмкін емес.

– Бюллетеньдер – қатаң есептегі құжаттар. Әр бюллетеньнің өз реттік нөмірі және қорғаныс деңгейі бар. Олар баспаханадан полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен аумақтық сайлау комиссияларына жеткізіледі. Ал дауыс беруге үш күннен бір күн қалған аралықта заңға сәйкес дауыс беру учаскелеріне жеткізіледі. Осы уақыттың бәрінде олар полицияның күзетінде болады. Құқық қорғау органдары бұған жауапты, – деді Әбдіров.

Сондай-ақ оның айтуынша, бюллетеньдердің сақталуына сайлау комиссияларының мүшелері де толық жауап береді.

Әр бюллетень есептеулі

Бюллетеньдер нақты санмен дайындалады: дауыс берушілер санына сәйкес және оған қосымша 1 пайыз ғана артық басылады. Дауыс беру аяқталғаннан кейін барлық бюллетень пайдаланылғаны да, пайдаланылмағаны да қайтадан есептеледі.

– Пайдаланылмаған бюллетеньдер жарамсыз деп танылып, арнайы актімен рәсімделеді. Кейін олардың бәрі сақтауға өткізіледі. Сондықтан тағы да атап өткім келеді: бұл кез келген жерде тарата салатын жай қағаз емес. Мұның бәрі өте қатаң бақылауда, – деді Нұрлан Әбдіров.

Бюллетеньді үгіт парағымен шатастырған

Бұған дейін Алматы тұрғыны әлеуметтік желілерде қалада алдын ала толтырылған бюллетеньдер таратылып жатыр деген ақпарат жариялаған. Полиция оны әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салған.

Тексеру барысында әйел көрсеткен «бюллетеньдер» шын мәнінде референдумға арналған үгіт материалдары екені анықталған. Әйел өз кінәсін мойындаған.