"Дядя Коля", Сабуров және "Қазақмыс" сатып алушысы Астанадағы тойда көзге түсті

Сырым Қаржас

Қазақстандық танымал әзілкеш Нұрлан Сабуров Астанадағы тойда көзге түсті. Бұл шарадан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Кадрларға қарағанда, той Астанадағы Rixos President Astana қонақүйінің салтанат залдарының бірінде өткен. Онда тұсаукесер өткізілген.

Той астаналық кәсіпкер, Дүниежүзілік көкпар қауымдастығының вице-президенті Әлібек Мұқатаевтің балаларына арналған. Видеодан қонақтар арасында Нұрлан Сабуровты да байқауға болады. Бұл – оның Ресейге кіруіне тыйым салынуына қатысты даудан кейінгі көпшілік алдына шыққан сәті.

Сол кеште өзге де белгілі тұлғалар болған. Олардың ішінде күштік құрылымда "Дядя Коля" аталып кеткен Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі – Қалмұханбет Қасымов бар. Ол 10 жылдан астам уақыт Ішкі істер министрлігін басқарды, кейін Мемлекеттік күзет қызметінің басшысы қызметін атқарды.

Кадрларда оның жанында кәсіпкер Нұрлан Артықбаевқа ұқсайтын адамды да көруге болады. Айта кетейік, ол кейінгі жылдары көп талқыланған ірі мәмілелердің бірі – Қазақмыс компаниясын сатып алуымен қоғам назарын аударған еді.

Іскерлік ортада бұл мәміле Қазақстандағы бұрынғы экономикалық элитаға тиесілі активтердің қайта бөліну процесімен байланысты болуы мүмкін деген пікірлер айтылып жүр. Сарапшылар бұл келісімді елдегі ірі өнеркәсіптік активтердің жаңа иелерге өтуін білдіретін маңызды өзгерістердің бірі ретінде бағалап отыр.

БҰҒАН ДЕЙІН

Бұған дейін Сабуровқа Мәскеуге ұшып барғанда Ресейге кіруге тыйым салынғаны хабарланған еді.

Осы ақпарат талқыланып жатқан тұста, БАҚ пен пабликтерде әртістің Украинаға қарсы Ресей жағында соғысып жүрген "Вагнер Истра легионына" 10 мотоцикл бергені туралы видео тарады.

Видеода Сабуров "Ратибор" деген лақап аты бар Александр Кузнецов жетекшілік ететін Легион сарбаздарына мотоцикл беретінін айтады. Әзілкеш көмегі тиісті жерге жететініне үмітті екенін айтып, жеке әскери компания қатысушыларына "аман-сау және жеңіспен оралуды" тілейді.